Ұлыбритания астанасында Орталық Азияның көктем фестивалі өтті
Орталық Азия елдерінің қатысуымен Ұлыбритания астанасында Көктем фестивалі тойланды. Лондон орталығында сахна құрылып, әр елдің қатысуымен концерт өтті. Біздің жерлестеріміз де ұлттық өнеріміз мен бай мәдениетімізді көпшілікке таныстырды. Тұманды Альбионнан әріптесіміз Марина Бекенованы тыңдайық.
Марина Бекенова, тілші:
Шағын саябаққа жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Оң жағымда қолөнер бұйымдары қойылған көрме, сол жағымда ұлттық тағамдардың саудасы қызып жатыр. Ал ортада орналасқан сахнада ұлттық өнер паш етілуде.
Көрермендер қатарында Ұлыбританияға қыдырып келген отандастарымыз да бар. Студент балаларымен және немерелерімен бірге көктем мерекесін қызықтады.
Мақсұтқажы Шәкен, зейнеткер:
«Болашақпен» келіп түскеннен кейін мен баламды қолдау үшін келдім. Бүгін мынау университеттің басшыларына үлкен алғыс айтқым келеді.
Іс-шара ұйымдастырушысы Лондонда білім алып жатқан қазақ және өзбек студенттерінің қауымдастықтары. UCL университеті саябақтан оларға арнайы орын бөліп, техникалық жағынан көмектесті.
Даниал Асқарғалиев, Қазақ студенттері қауымдастығының президенті:
Студенттердің көпшілігі ораза ұстағандықтан біз осы жылы Наурыз мейрамын ертерек өткізіп жатырмыз.
Далада өзбек ағайындар палау басып, саудасын қыздырып жатса, ақ шатыр астында басқа ұлт өкілдері қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізді.
Клод Корин, студент:
Бүгін маған Қазақстанның символикасы бейнеленген екі шыны саптыаяқ пен шоколад сыйлады. Тәттінің дәмін татып, шәй ішемін.
Бұл күні өзбек, әзербайжан, түркімен, ауған халқы бірнеше ғасырлық мәдени мұрасымен таныстырды. Қазақтар да ұлттық құндылықтарын ұлықтап, өнерден кенде емес екенін көрсетті.
Марина Бекенова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы