Дональд Трамп Украинаға қатысты қандай мәлімдеме жасады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дональд Трамп Украинаға қатысты қандай мәлімдеме жасады?

23.02.2025

Енді соғысты тоқтатуға кіріскен АҚШ президентінің мәлімдемелеріне келсек. Украина президентін «Диктатор» деп сипаттауы, оның рейтингі 4 пайыз төңірегінде деп өтірік айтуы, келіссөздерге Зеленскийдің керегі жоқ, «деңгейі шамалы комик» деп мансұқ етуі, ең сорақысы – соғыстың басталуына Украина кінәлі сияқты қылып келтіруі көпті шошытып отыр.

Украина жеріндегі сирек кездесетін металдарға, жалпы украиндардың қазба байлығына иелік етпесек ешқандай көмек көрсетілмейді деген саудагерге тән сөзін естіген жұрт «Рас, ашкөз девелопер екен» десті.

Оның кекшілдігі, өзін тезірек жеңімпаз көрсету үшін ешнәрсенің байыбына бармай, тіпті агрессордың пропагандистерінен айырмасы жоқ жаға ұстатын мәлімдемелер жасап отырғаны күрсіндіреді. Сарапшылар оның дәл қазір Кремльге тактикалық жағынан ұтылып отырғанын айтады.

Келіссөздер басталмай жатып, мақсаты Ресеймен жылдам мәмілеге келу екенін анық байқатты. Ал олар «әйтеуір мәмілеге келсек болды» деп отырғанға әрине, барынша жеңілдік жасатады. Ең жаманы – Украинаның қауіпсіздігіне кепіл беретін не талап ететіндерін тарқатқан жоқ. Санкциялар не болады? Сайлау өткізу керек дейді, миллиондаған азаматы шет мемлекеттерде жүрген, жерінде соғыс болып жатқан мемлекетте қалай сайлау ұйымдастыруға болады? Ондай сәтте дұшпаны жымысқы саясатын қоя тұрмайды.

Жалпы қаншама мың адамды ажал құштырып, қаншама адамды бостырып жібергеніне, қаншама қаланы қиратқанына, басқа мемлекетті басып алу әрекетіне агрессор жауап бермей ме сонда?


Хабарламаларға жазылу