Дүйсенбіде Қазақстанда өндірілген мұнайдың 80 пайызы тасымалданатын Каспий құбыры консорциумына қарайтын, Ресейдің Кубань аймағындағы «Кропоткинская» мұнай айдау станциясын Украина дрондары шабуылдады.
Қалпына келтіру үшін 2 айдай уақыт керек екен. Осы кезеңде экспорт үштен бірге қысқаруы мүмкін.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «Бұл - Қазақстанның экономикасы үшін өте маңызды мәселе. Біз әрине бұл жағдайды украиндық әріптестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз» деп дипломат жауабын берген.
Ал апта соңына қарай Ұлттық экономика министрінің бір орынбасары Арман Касенов «Құбырдың зақымдануы ел экономикасына қалай әсер етеді?» деген сауалға нақты қорытындыны шығынды әбден саралағасын шығаруға болады деген.
Мұнай экспорты тіпті 30 процентке азайғанның өзінде қатты қиналып қалмаймыз деп жалғастырған. Айтқанын сөзбе сөз келтірсек: «Мұнай ел экономикасының 9 пайызын құрайды, егер ол 5 пайызға төмендесе, анау айтқандай дағдарыс тумайды. Мен болар-болмас әсер етеді деп ойлаймын».
Дегенмен бұл оқиға сол баяғы «жау да жоқ, дос та жоқ, тек мемлекет мүддесі бар» деген әйгілі цитатаны кезекті рет еске түсіреді, бір. Екіншіден, бір дәлізге байланудың қаншалықты қауіпті екенін тағы дәлелдейді.
