Академиктің атағы жетерлік. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тағысын тағы. Бірақ жұрт оны балалар хирургиясының атасы деп атайды. Антына адал болған ақ халатты сардар әрқашан қоғамның қорғансыз мүшесі – сәбилерге пана болды. Үнемі ана мен бала тақырыбын қозғап, осы мәселеге елдің назарын аудартуға талпынды.
Болат Хабижанов, әріптесі, ҚР еңбек сіңірген дәрігері:
Жігерлі еді. Еңбегі - барлық жүрегімен, барлық ішкі дүниесімен, халқын жақсы көріп, Қазақстан балаларының болашағына, денсаулығын жақсартуға жұмыс істеген. Осы салаға көп еңбек сіңірген адам.
Ұлы шипагер ғұмыр жолында 300-ден аса ғылыми еңбек жазып, отандық медицинаға 40-қа жуық жаңалық енгізді. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Оның жетекшілігімен 130-дан аса дәрігер докторлық диссертациясын қорғаған. Бұл айтылғандар қарапайым санайғақ емес, денсаулық сақтау саласына қосылған үлкен олжа, мол мұра.
Абай Құсайынов, шәкірті, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
Балалар хирургиясына деген жастардың талабын ашуға студенттік кезден бағыт-бағдар берді. Сол кісінің дәрісін тыңдап отырған кезде Қазақстанның сала-саласында еңбек етіп жүрген хирургтардың, балалар хирургиясына махаббаты ашылып, бүгінгі күні үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
Ол еліміздегі педиатрлардың, анестезиолог-реаниматологтар мен ортопед-травматологтар ғылыми мектебінің іргетасын қалады. Бүлдіршіндердің бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, әр түрлі кешенді зерттеулер жүргізді. Жалпы саны 30 мыңнан аса сәбиді ажалдан арашалап қалды.
Хирургтардың мәселесі өте қиын. Жақсы хирург болса, аты шығып кетеді. Халық рахатын көріп, олардың құрметіне бөленеді. Ал енді нашар хирург болса, көп қателесетін болса, оның аты да шықпайды. Елдің қарғысын алады.
Білікті дәрігер екі жыл қатарынан Ұлттық жыл таңдауы - «Алтын адам» сыйлығымен марапатталған. Көзін көргендер қолы да, жүрегі де алтын деп еске алады. Даңқты дәрігер ғұмыр сәулесі сөнгенше медицинаға қызмет етті. Енді оның ұстаздық ұлағаты мен өнегелі өмір жолы келешек ұрпақ үшін мәңгі үлгі бол.
Ернұр Медет
