Түркия туризмнен 61 млрд доллар пайда көрген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия туризмнен 61 млрд доллар пайда көрген

06.02.2025

Түркия туризм саласында бұрын соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. 2024 жылы Анадолы еліне 62 млн-нан аса турист барып, одан ел қазынасына 61 млрд доллар пайда түскен. Бұл ел тарихында болмаған көрсеткіш.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркиядағы туризмнің дамуына теңіз бен жайлы климаттың да үлесі бар. Дегенмен кейінгі жылдары Түркия тек жаз айларында ғана емес, жыл он екі ай бойы турист тарту бағытында нақты қадамдар жасап отыр. Олардың қатарында тарихи туризм, діни туризм және гастро туризм, яғни ұлттық тағамдар ұсыну сияқты бағыттар бар. Осының арқасында соңғы 5 жылда елге келетін турист саны жыл сайын шамамен 10 пайызға артты. Ел билігі 2024 жылдың басында Түркияға 61 млн турист тартуды жоспарлағандарын айтқан еді. Жыл соңындағы көрсеткіш бойынша бұл жоспар артығымен орындалған.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

Туризмдегі ендігі жоспарымыз 2025 жылы 65 миллион турист тарту. Осы арқылы 64 млрд доллар табыс табуды мақсат етіп отырмыз. Алдағы жылдары бұл саладағы кірісіміз 100 млрд долларға дейін жетеді деп үміттенеміз. Алайда бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек. Болудағы Карталкая қонақ үйінде болған апаттан туризм саласындағы кәсіпкерлер сабақ алды деп ойлаймын.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркияға жыл сайын 100 мыңнан аса қазақстандық демалуға келеді. Ал ресми мәлімет бойынша өткен жылы Түркияға ең көп турист Ресейден келген. 6 жарым млн адам. Одан кейін Германия мен Англия елі тұр. БҰҰ ақпаратына сәйкес Түркия әлемде ең көп турист баратын елдердің ішінде төртінші орында.


Хабарламаларға жазылу