Шымкент қаласында қоғамдық көліктердегі тәртіп пен автобустардың техникалық-санитарлық жағдайын бақылайтын жұмысшылардың ешбірі бүгін жұмысқа шықпады. Өйткені диспетчерлік қызмет орталығының 25 қызметкері басшылықтың жұмыстан қысқартамыз деген ұсынысына қарсы. Айтуларынша мекемеде еңбек заңдылығы сақталмай отыр. Қысқарту туралы тек ауызша ғана ескерту жасалып, қарсы болғандарға қысым көрсетіліп жатыр дейді олар. Дауға себеп болған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының шешімі. Алайда басшылық әлі күнге бұл құжатпен ешкімді таныстырмаған. Қысқартуға ұшырайтын бөлім қызметкерлерін алғашында жекеменшік компанияға ың-шыңсыз ауысуды ұсынған.
Айгүл Құрманбекова, диспетчерлік қызмет орталығының маманы:
Бұл қысқарту негізсіз. Неге? Біздің ЭТЖ бөлімі бір жылда 1 миллиард теңге үнемдеу жасағанбыз, үкіметтің қаржысын. Пайда келтіріп отырған мекеме неге жабылуы керек?!
Наргиза Мұратова, диспетчерлік қызмет орталығының маманы:
Мемлекеттік мекемеде жұмыс жасап отырғаннан кейін қолдау көп. 4 бала-шағам бар. Атаулы әлеуметтік көмек, үй кезегінде тұрған мен сияқты жас отбасылар, жалғызбасты аналар бар. Үй кезегінен шығып кетеміз. Жеңілдіктен қағыламыз.
Жергілікті билік осы айдан бастап коммуналдық мемлекеттік мекемені тап осындай қызмет түрімен айналысатын жекеменшік компания қарауына өткізуді жөн деп тапқан. Бұл мекемелер қоғамдық көліктердің жағдайын тексереді. Егер талапқа сай болмаса айыппұл салу қызметін атқарады. Мемлекеттік мекеме басшылары қызметкерлермен ортақ мәмілеге келе алмағандықтан енді мәселені еңбек заңдылығына сай шешуді ұйғарып отыр.
Наурыз Сүгірәлиев, диспетчерлік қызмет орталығы КММ директоры:
Бұл жерде ешкім жұмыстан босатылған жоқ. Бірінші кезекте ұсыныс болды. Переводпен ауысу туралы мәселе қаралды. Енді бұл кісілердің уәждері ескерілді. Енді еңбек кодексіне сәйкес процедуралардан өткен соң «Автобус» мекемесі бұларды жұмысқа қабылдауды міндетіне алып тұр.
Ғани Қалмаханов