Шымкентте 500-ге жуық кәсіпкердің жұмысы жыл басталғалы тоқырап, тоқтап тұр. Қолдарында дәйекті құжаттары бола тұра жылжымайтын мүліктерді қайта бағалатуға мәжбүрлеген мемлекеттік кірістер департаменті коммерциялық ұйымдардың есепшоттарын бұғаттап тастаған.
Оншақты адам жұмыс істейтін баспаханада қазір Ұланның жалғыз өзі. Тапсырыс болғанмен кітап басылып жатқан жоқ. Апта сайын жарық көретін газет-журналды да шығара алмай қалды. Өйткені бояу қағаз, желім секілді қажетті заттарға тапсырыс берейін десе ақша аудара алмайды. Мемлекетік кірістер басқармасы жыл басында есепшотын жауып тастаған. Одан бері сұратқан құжаттарын апарып берсе де оны қайта аштыра алмай жүр.
Ұлан Шәмірек, кәсіпкер:
Өсіргенде емес мәселе, есепшотты дереу жаба салғаны болып тұр. Ескертусіз бірден бұғаттады. Есеп тапсырсаң ашамыз деген. содан бері әлі жүрміз. Жұмыстарымыз шегеріліп жатыр.
Кәсіпкер бұл ғимаратты 8 жыл бұрын 6 миллион теңгеге сатып алған. Салық органдары мәжбүрлеген соң биыл өзі жүгіріп жүріп, кеңсесін екі есе артық етіп қайта бағалатты. Енді салықты да артығымен төлейді. Заңгерлер бұл іс-әрекет дұрыс емес деп санайды. Кез-келген ғимарат жыл өткен сайын тозып, арзандайды. Ал хабарламаға берілген жауапты салық органы дұрыс деп таппаса, шотты жабудан бұрын қайта хат жолдауы тиіс, дейді олар.
Бақыт Махмұдов, заңгер:
Бағалаудың құны сол жерге негіз болып алынды. Соған сәйкес төлеп отырмын деп жазып береді. Сол кезде бұл хабарлама орындалды деп есептелініп, тоқтатылуы керек. Алайда салық мамандары мұны ескермейді. Бір ай мерзім өткен соң, шотын бұғаттап тастайды. Бұл әрине заңсыз.
Бүгінгі таңда мегаполисте 497 кәсіпкер тап осындай жағдайға тап болып, ісі тығырыққа тіреліп тұр. Мамандар бұғатталған есепшоттардың дер кезінде ашылмауына деректер базасының жаңарып жатқаны себеп дейді.
Шоқан Омарбек, Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
Бүгінгі таңда 3 мыңнан астам коммерциялық нысанның бағалау құны күмән тудырып отыр. Салығын бағалау құнынан төмен көрсеткен, реконструкция жасаған, алайда мүлкін қайта бағаламаған, тіпті бағалау құны жоқ салық төлеушілер де анықталуда.
Шымкентте салық органының тіркеуінде 13 жарым мың коммерциялық нысан бар. Бүгінге дейін олардың жартысына жуығы қайта бағаланды. Соның нәтижесінде қазынаға 1,5 млрд теңге артық кіріс кірген.
Ғани Қалмаханов