Меншік иесі пәтер ішін қайта өзгерте алмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Меншік иесі пәтер ішін қайта өзгерте алмайды

Меншік иесі пәтер ішін қайта өзгерте алмайды

Пәтер ішін заңсыз қайта өзгерткен жеке тұлғаларға миллиондаған айыппұл салынады. Сондықтан тіркеу куәлігін 25 қаңтарға дейін қайта жасатыңыз! WhatsApp чаттарға осындай мәтінмен хабарламалар тарап жатыр. Онда 25 қаңтардан бастап «қайта жоспарлауға тыйым салатын заң шығады» деген ақпарат бар. Алайда құзырлы орган өкілдері бұны жалған ақпарат деп мәлімдеді. Жалпы пәтерді қайта жоспарлау қалай жүзеге асады? Талаптары қандай? Әріптесім Серік Жұмабек біліп көрді.

Серік Жұмабек, тілші:

Министрлік мәлімдегендей, тұрғын үй қатынастары туралы заңның 40-бабы 2- тармағында ешқандай өзгеріс жоқ. Онда пәтерді қайта жоспарлауға тыйым салынбаған. Бұл – өз қызметтеріне сұраныс көбейтуді көздеген алаяқтардың ісі болуы мүмкін. Дегенмен меншік иесі құрылыс компаниясы салып берген пәтерді өз қалауынша өзгерте алмайды. Оны тексеріп, техникалық жобасын жасайтын арнайы мамандар істейді.

Әсел Рахметова, «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ баспасөз хатшысы:

Ол техникалық жобаны лицензиясы бар жеке тұлға немесе ұйым жүзеге асырады және барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Яғни сол техникалық жобада негізгі қабырғалар, сосын инженерлік жүйелер болмауы керек.

Ал егер техникалық жобада негізгі қабырғалар мен тіреуіштер және инженерлік жүйелерге қатысты өзгеріс болса, онда қалалық сәулет және құрылыс басқармасының шешімі мен сараптама қорытындысын алу керек.

Әсел Рахметова, «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ баспасөз хатшысы:

Қайта жасалған жобалау жүзеге асырылғаннан кейін оған кадастрлық паспортқа тапсырыс беріледі. Ол кадастрлық паспорттың негізінде қабылдау актісі алынады, ал ол қабылдау актісіне қайта жобалауды жүзеге асырған ұйымның мөрі немесе қолы және тапсырыс берушінің қолы қойылады. Сосын осы үш құжат заңды түрде тіркеу үшін ХҚКО-ға тапсырылады.

Техникалық жоба дайын болғаннан кейін мемлекеттік органға құрылыс жұмыстарының басталғаны және аяқталғаны туралы хабардар ету маңызды. Аталған талаптарды елемей пәтерге өзгеріс жасасаңыз айыппұл арқалайсыз.

Меруерт Ибраева, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры:

Егерде жеке тұлғалар болса оларға айыппұл 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субьектілеріне 30 АЕК, орташа кәсіпкерлік субьектілеріне 150, ал ірі кәсіпкерлерге 300 орташа АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Пәтер бөлмелері мен қабырғаларын заңсыз өзгерту айыппұлдан бөлек, үйді сатқанда немесе ипотека алғанда қиындықтар туғызуы мүмкін. Яғни құжат жалған деп танылады.

Серік Жұмабек, тілші:

Егер мүгедектігі бар азаматтардың үйге кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін, мысалы мынадай пандус орнатқыңыз келсе, онда өзге тұрғындардың немесе құзырлы органдардың келісімі талап етілмейді. Ал баспалдақ астындағы мынадай бос орындарды пайдаланғыңыз келсе, мүлік иелері бірлестігінің және тұрғындардың кемінде 3/2 бөлігінің жазбаша келісімі керек.

Серік Жұмабек


Бөлісу