Трамп Путинмен кездесудің дайындығы басталғанын мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп Путинмен кездесудің дайындығы басталғанын мәлімдеді

19.01.2025

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болудан үміткен Марко Рубио Сенатта болған тыңдауда – кандидатты қарайды ғой, сонда – Джексон-Вэник заңына енгізілген түзетудің Қазақстанға қарсы қолданбау туралы айтқан.

«Орталық Азия бойынша мақсаттың бірі – Джексон-Вэник түзетуінің күшін жойып, Қазақстан және Өзбекстанмен қалыпты сауда режимін жалғастыру. Иә, сіздің мемлекеттік хатшы ретінде басым бағыттарыңыз көп болады. Дегенмен осы өзгерісті жойып, Орталық Азияға ізгі ниетті көрсету керек» деген сенатор Стив Дэйнс.

Марко Рубио оны құптаған. «Адам құқы бойынша қысым көрсету тетігі ретінде ол заңды сақтау керек дейтіндер бар... Мен оны кей жағдайда көнерген дер едім. Қазақстан нарықтық экономика... Түзетуді жою үшін жұмыс істейміз, себебі бұл маңызды деп есептеймін» деп жауап берген Рубио.

Сауда туралы заңға Джексон-Вэник түзетуі 1974 жылы қабылданған. Адам құқын бұзатын, адамдардың шет мемлекетке кетуіне кедергі келтіретін елдермен сауданы шектейтін өзгеріс. Генри Джексон және Чарльз Вэник есімді конгрессмендердің ұсынысы болған, сосын солай аталған.

Қолайлы сауда жасауға, мемлекеттік несие беруге тыйым салынады. Сонымен бірге экономикасы нарықтық емес елдердің АҚШ-қа импорттайтын тауарларына көп салық салынады. Ең «қызығы» бұл түзетудің күші Ресей үшін 2012 жылы жойылған...

Халықаралық панораманы жалғастырсақ, Израиль мен ХАМАС тобы атысты тоқтату туралы келісімге келді.

Келісім бойынша ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босату керек. Ал Израиль түрмеден ХАМАС-қа қатысы бар және израильдіктерге шабуыл жасады деп сотталған тұтқындарды шығарады. Әрбір израильдік үшін ХАМАС – 30 тұтқын, әрбір әскери қызметкер үшін 50 сотталушы алады.

Келісім бойынша, атысты тоқтату мерзімі әзірге бір жарым ай. Осы уақыт аралығында Газа секторына гуманитарлық жүк көліктері кіргізіледі. Израиль әскері біртіндеп сектордан шыға бастады. Мысалы, Рафах қаласынан.

2023 жылы қазанда Газа аймағын бақылайтын ХАМАС Израильге басып кіріп, мыңнан аса адамды өлтіріп, 200 ден аса адамды алып кеткен. Израиль бірден Газа аймағында соғыс бастады. 45 мыңнан аса палестиндік көз жұмды. Кей жерде 48 мың деп айтылады. Дүниежүзілік деснаулық сақтау ұйымы халықаралық қауымдастық пен жеке секторды Газаға көмектесуге шақырды. Себебі БҰҰ әлі келмейді.

АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың қызметіне кірісуіне бір күн қалды. АҚШ-та ғана емес, дүние жүзінің саясатында өзгерістер басталады. Өткен аптада Д.Трамп Ресей президентімен кездесудің дайындығы басталғанын хабарлады.

«Путин кездескісі келеді, оны ұйымдастырамыз... Біз мына соғысты тоқтатуымыз керек. «Қан судай аққан, өлік толы соғысты» деген ол, Флорида штатында республикалық партияның мүшесі болып табылатын губернаторлармен кездескенінде.

Д.Трамп тағы бірнеше мәлімдеме жасап, бірнеше елдің шамына тиді. «Дания құрамындағы Гренландия аралы АҚШ-қа өтуі керек, Канаданы АҚШ-қа қосу қажет, Панама каналы АҚШ қарамағында болуы тиіс» дейді Д.Трамп. Бұл қысқа қайыратын әңгіме емес. Саясатты бақылайтындар біледі.

Жалпы Д. Трамптың мәлімдемелері, онымен дос болып жүрген И.Масктің кейбір елдердің саясатына араласа бастауы, алдағы уақыттың болжап білмейтін оқиғаларын одан сайын күрделендіре түсетіндей. Бір-ақ нәрсе – соғыс тоқтаса екен...

Ақтау маңында құлаған жолаушылар ұшағының «қара жәшіктерінің» ашылған шифры Қазақстанға жеткені ресми хабарланды.

Бакуден шыққан әзербайжан ұшағы Грозныйға қона алмай, біздің Ақтаудың маңына құлағаны мәлім. Борттағы 67 адамның 38-і опат болған. Алтауы еліміздің азаматтары. «Қара жәшіктер» ұшақты жасаған Бразилияға зерттеуге жіберілген еді.

Көлік министрлігі борттағы өздігінен жазатын құралдағы алынған ақпараттарды мамандар зерттеп жатқанын айтады. «Барлық факті мен материал егжей-тегжейлі зерделенген соң, тергеу барысы туралы нақты ақпарат таратылады»- дейді. Желіде сол қара жәшіктердің шифры деген жазба тарап кеткен.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің Ресейді кіналаған комментарийін бергенбіз. Алдымен Ресей президенті В.Путин И.Әлиевке телефон соғып «трагедия Ресей әуе кеңістігінде болғанына» кешірім сұраған.

 «Осы уақытта Грозный, Моздок және Владикавказды украиндық әскери ұшу аппараттары шабуылдап, Ресей әуе қорғанысы құралдары шабуылды қайтарып жатты» деген Кремльдің хабарламасында. Ұшақ біздің тараптан атқыланған деген жоқ.

Сосын Әзербайжан президенті И.Әлиев Әзербайжан телевизиялық арнасына сұхбат беріп, біріншіден Ресей тарабы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек, екіншіден кінәсін мойындауы шарт, үшіншіден кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс - деген.


Хабарламаларға жазылу