Конституция күніне орай, отандық және шетелдік өнер жұлдыздары Астананың бас сахнасында өнер көрсетіп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Астана Опера», «Астана балет» театрының әртістері, Орал, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген шығармашылық топтар мен «ЭКСПО» көрмесінде өз елін таныстыруға келген өнерпаздар нағыз шоу, ән, би өнерін шашу етті. Ал, вундеркинд дарын иесі, сазгер Рахат-би Әбдісағин, хор және вокалды-симфониялық топ «Үш қоңыр» композияциясын шебер орындады. Құрманғазының «Балбырауын» күйін бір мезетте 600 домбырашы күмбірлеткенде көрерменнің арқасы қозып, орнында отыра алмады. Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева мен халықаралық конкурстар лауреаты Ерболат Құдайбергенов классика мен рэп өнерін ұштастырып, «Гәкку» ариясын орындады.
Әйгерім АҒЫЛТАЕВА