Шымкенттік дәрігерлер 260-тан астам трансплантологиялық операция жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік дәрігерлер 260-тан астам трансплантологиялық операция жасады

11.01.2025

Шымкенттік дәрігерлер 10 жылдан астам уақыттың ішінде 260-тан астам науқастың ауру бауыры мен бүйрегін, тіпті сыр берген жүрегін де сау ағзаға ауыстырып берген. Мұнан бөлек бүгінде мегаполисте нейрохирургиялық, кардиологиялық, травма-ортопедиялық және қатерлі ісіктерді алып тастайтын жоғары технологиялық операциялар шетелдік мамандардың көмегінсіз-ақ жасалып жатыр.

37 жастағы Әсия Түркіпеноваға осымен бесінші рет операция жасалды. Тумысынан бауырында артық еті бар, өт жолдары жиі бітеліп қалатын ол шетелде емделуге де әрекет жасаған. Бірақ аса қымбат ем-домға шамасы жетпепті. Оның үстіне шетелдік ауруханалар дертінен айғып кететіне кепілдік бере алмаған.

Әсия Түрікпенова, қала тұрғыны:

Менің дертім өте сирек кездеседі. Отандық дәрігерлер оған араша түсіп, өздерінің біліктілігімен мені қайта өмірге алып келгенмен тең болып отыр. Себебі қазір жағдайым келгендегіден әлдеқайда жақсы.
Жасыратыны жоқ шекара асып, ем алған науқастардың амалсыз жергілікті дәрігерлер қарауына қайта келетін жәйттер баршылық. Өйткені шетелдіктер күрделі операция жасағанымен, әрі қарай науқастың жәй күйін бақылауда ұстамайды. Салдарынан асқынулар пайда болады.

Дәурен Қабылов,  №1 клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі:

Бауыр-бүйрек трансплантациясы дамығаннан бастап барлық күрделі операциялар жасала бастайды. Соның арқасында асқазанның 12 ішікке өтетін жері бітеліп тарылса оларды орнына келтіреміз, бауырдың өт жолдарының тарылуы, ісік айналуы соның бәрі бізде жасалады.
Мегаполис аурханаларының медициналық құралдармен жабдықталуы да ертеректе ел араман еткен шетелдіктердікінен бір мысқал кем емес.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мынау ауруханадағы замануи және ең озық үлгіде жасақталған операция бөлмесі. Емдеу мекемесінде мұндай екі бөле бар. Мұндағы құралдардың барлығы сенсорлық жүйеде жұмыс атқарады. Ал мына экрандардың көмегімен дәрігерлер операция үстелінде жатқан науқастың ағзасындағы бүкіл өзгерісті көріп бақылауда ұстайды. Ал керек жерінде қондырғылар науқасқа қандай мөлшерде дәрілік сұйықтық құю, қан қысымын қай мөлшерде ұстау керектіг ітуралы ақпараттық кеңес те ұсынады.

Шымкенттік дәрігерлердің ағзаға трансплантация істей бастағанына биыл он екінші жыл. Осы мерзім ішінде бүйрекке жасалған 228 отаның 95 пайызы сәтті аяқталып, науқастардың өмірі ұзарған. Онан бөлек 32 адамның бауырын, 2 адамның жүрегін ауыстырған. Трансплантологияның қыр-сырын меңгеру үшін дәрігерлер Оңтүстік Корея, Ресей және Белоруссияда білім жетілдірді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу