Ертең, яғни 12 қаңтар мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 113 жыл толады. Өз дәуірінің ұлы саясаткері бола білген біртуар тұлға күрделі, қарама-қайшылыққа толы кезеңге қарамастан, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, төл мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Әріптесім Қуан Нұрақын халықаралық «Қонаев қорының» жұмысымен танысып, Димаш Ахметұлының тұрған үйі мен музейіне барып қайтты.
Дінмұхамед Ахметұлының туысы, халықаралық «Қонаев қорының» президенті Елдар Қонаев соңғы 2-3 жыл әулеті үшін қуанышты жаңалықтарға толы болғанын айтады. Оның сөзінше, бірнеше өңірде «Қонаевтану» пәні факультатив ретінде енгізілген.
Елдар Қонаев, Халықаралық «Қонаев қорының» президенті:
Димаш Ахметұлының бар арманы – еліміздің Тәуелсіздік алып, өз алдына дербес болуы еді. Бүгінде мемлекеттің, халықтың қайраткерге деген ықыласы зор. Мәселен, Алматы және Жамбыл облыстарында еңселі ескерткіштер бой көтерді. Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаларында ашылған заманауи мектептерге Димаш Ахметұлының есімі берілді. Қазір Қонаев қаласы бар. Бұл ұлы тұлғаға деген құрметтің белгісі екені анық.
Қуан Нұрақын, тілші:
Дінмұхамед Ахметұлының мүзей үйі мен музейінде 8 мыңнан аса экспонат сақтаулы. Соның ішінде Димаш Ахметұлы мына жәдігерді ерекше жақсы көрген екен. Бұл қобдишаны 70 жылдық мерейтойында Оқушылар сарайының оқушылары сыйға тартқан екен.
Бұл жұмыс Димаш Ахметұлына қарапайымдылығымен ұнапты. Музейге келушілерді біртуар тұлғаның еңбекқорлығы таңқалдырған.
Аңыз тұлғаның Алматыдағы тұрған үйі мен музейіне келушілер саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 20 мың адам аяқ басса, 2024 жылы 40 мыңнан асқан.
Елена Кубашева, Д.Қонаев музейінің жетекшісі:
Дінмұхамед атамыз басшылықта 45 жылдай болған. Соның 25 жылы Қазақстанды басқарған екен. Қазақстанды да экономикамыз көтерілген екен. 8,9%. Картаға қарасақ 55 жылдары қандай болды экономикамыз 86 жылдары қандай болды. Мысалы, 2 мыңнан аса колхоз, совхоз көбейген екен. 43 қала қаланған екен сол уақытта.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп, ұлт ретінде ұйысуына Дінмұхамед Қонаевтың еңбегі ерен. Ол әрдайым ел мүддесін, болашақ қамын бір сәт естен шығарған жоқ. Содан болар, тұтас жұрт қайраткерді нағыз ұлт жанашыры, кемеңгер басшы ретінде таныды, дейді музей қызметкерлері.
Қуан Нұрақын