2030 жылға қарай елімізде энергетика саласы мамандарының тапшылығы байқалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2030 жылға қарай елімізде энергетика саласы мамандарының тапшылығы байқалуы мүмкін

07.01.2025

2030 жылға қарай елімізде энергетика саласы мамандарының тапшылығы қатты байқалуы мүмкін. Өйткені қазір білікті қызметкерлердің орта жасы 50-ден асып кеткен. Сондықтан техникалық оқу орындары мен энергетикалық компаниялар бірлесіп, кадр даяралауды қазірден қолға алуы тиіс. Президенттің пәрменімен жарияланған жұмысшы жылы салаға серпін береді деген сенім бар. Өңірдегі аумақтық электр желі стациясында қазір мыңға жуық адам еңбек етеді. 80 пайызы - орта жастағы мамандар. Дегенмен соңғы жылдары кәсіпорынға жастар да біртіндеп келіп жатыр. Толқын Әлімхан әуелі есептегіш құралды ауыстыруды үйренуден бастаған. Қазір техникалық бөлімде инженер.

Толқын Әлімхан, энергетикалық компанияның инженері:
Желі өшіп қалса, әр адамға соның бәрін жеткізу керек. Дұрыс сөйлесу керек, соның бәрін үйретті. Диспетчер болдым. Диспетчер болғалы көп нәрсені үйрендім, қазір техникалық инженер болып отырмын.
Инженерлік мансапқа жеткенге дейін аға буын әріптестерінен тәлім терген. Энергетика саласында талай жас маманды тәрбиелеген білікті кадрдың бірі - Дмитрий Шепотько. 30 жылдан аса еңбек өтілі бар білікті маман саладағы мәселені жақсы біледі. Инженердің айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстанда 2 мыңнан аса кәсіби электр маманы жетіспейді.

Дмитрий Шепотько, энергетикалық компанияның бас инженері:
Кадр дайындау - бүгінде ең басты мәселе. Сондықтан біз оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Ал жас мамандарға бар білгенімізді үйретеміз. Өйткені болашақ солардың қолында.
Болашақ бүгіннен басталады. Сондықтан Өскемендегі политехникалық колледж соңғы 4 жылда 440 электр маманын даярлаған. Мемлектетік тапсырыс бойынша оған 180 түлек диплом алған бойда жұмысқа орналасқан.

Исатай Исин, политехникалық колледж директоры:
Өткен 2024 жылы желтоқсанда біз халықаралық аккредитациядан өттік. Алғашқы 15 студент халықаралық салалық америкалық стандарт бойынша сертификат алды. Осы сертификат жақсы мүмкіндіктер береді.
Ералы Мейрамбаев, студент:
Мен қазір практиканы ЖЭО өтіп жатырмын. Болашақта өзімнің өмірімді осы мамандықпен байланыстырғым келеді.
4-курс бітірген кезде жұмыспен өздері көмектеседі. Жұмыс берушіні тауып береді. Сол жұмыс орнына орналастырады. 2010 жылы дуальді оқыту жүйесі енгізілген соң, техникалық мамандықтар бойынша диплом алғандардың жұмысқа орналасуы да жеңілдеді. Есесіне елдегі электр мен жылу энергетика саласына білікті кадр даярлау мәселесі әлі де өзекті.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу