Ұшақ апаты: Президент құтқарушыларды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ апаты: Президент құтқарушыларды марапаттады

29.12.2024

Кеше Президенттің төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті. Қ.Тоқаев қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтты.

Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз, деп жедел көмек көрсету құрылымдары шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті. Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз. Адам өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Қажетті ақпараттың барлығы жұртшылыққа уақытылы беріліп тұрды. Яғни оқиға бойынша толыққанды мәлімет бәріне бірдей ұсынылды.

«Азаматтарымыз алғашқы минуттан бастап зардап шеккендерге көмек қолын созды. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды». Осыған тоқталып, апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өтіп, ерекше көзге түскен азаматтарды мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде үкіметке тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды. Әсіресе, көршілес әрі серіктес елдер – Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан азаматтары айрықша алғыс білдіріп жатыр. Үкімет апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өту қажет. Ерекше көзге түскен азаматтарға мемлекеттік наградалар беру керек.

Ал бүгін ұшақтың апатқа ұшырауынан зардап шеккен адамдарды құтқару кезінде ерлік, кәсібилік және азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін бір топ қазақстандықты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың арасында ТЖМ өкілдері, медицина мамандары, полицейлер, «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» акционерлік қоғамының жұмысшылары және Ақтау әуежайының қызметкерлері бар.

Президент үкіметтік комиссияға зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды.Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек, еліміздегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеру қажет екенін мәлімдеді деп жазды Ақ Орда сайты.

Сонымен бірге кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлескен. Президенттер қайғылы оқиғаға байланысты бір-біріне көңіл айтқан. Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізген.

Ильхам Әлиев іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шұғыл әрекет еткені үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтқан. Қайғылы оқиғаның мән-жайы толықтай анықталғанша екі ел үкіметтерінің құрылымдары тығыз байланыста болады деп уағдаласқан.

Иә, 25 желтоқсанда Ақтау маңында жолаушылар ұшағы құлап, сыртта соғыс, іште қымбатшылық сияқты уайым, проблемадан шаршаған, дегенмен жаңа жылды барынша жақсы көңіл күймен қарсы алуды ойлап жүрген адамдар аһ ұрды.

Құлдилап бара жатқан ұшақтың, одан кейінгі көріністердің бейнежазбасы көп тарап, тіпті жанымыз түршікті. Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақтың Ақтаудың маңында құлағаны бірден секем алғызды...

Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы Бакуден Астана уақыты бойынша 8:49-да ұшып шығады. Грозныйдағылар «бізде қалың тұман» деген мәлімет беріп, Махачкалаға бағыттайды. Бірақ ол жер де қабылдамай, теңіздің үстімен Ақтауға қарай ұшады. Каспийдің үстінде келе жатып «төтенше жағдай» дабылын берген. Ұшқыштар шұғыл отырғызуды сұрайды. Ақтау әуежайы дайын отырады.

Көлік министрі Марат Қарабаев «Ақтау әуежайы Azerbaijan Airlines ұшағын қабылдауға дайын болды, ұшқыштар ұшақты жолаққа екі рет қондыруға тырысты» деді. Алайда әуежайдан 3 шақырым жерде ұшақ 11.30-да құлады...

Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і опат болды. Арасында біздің еліміздің алты азаматы бар.

Олар – Сәндібек Төлесінов, Бауыржан Жұмағұлов, Галина Махсудова, Гаухар Шәймерденова, Эльдар Жұмағат, Сәлима Жұтаева. Әрқайсының өмірбаянын оқып, көзге жас үйіріледі.

Мысалы, екі ұл тәрбиелеп отырған Гауһар 11 жастағы Эльдарын алып, Грозныйға - сол Эльдардың досының үйіне қонаққа бара бара жатқан. Ал үлкені Австралияда музыка бойынша тәлім алып жүрген, ол Астанаға келген, бірақ анасын да, інісін де көре алмай қалды...

Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен. Әзербайжан 14 азаматын, Ресей 9 азаматын 26 желтоқсанда арнайы бортпен елдеріне алып кетті. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы ем қабылдап жатыр.

Тілек Осмонов, қырғыз елінің азаматы:

Келгеннен кейін тексеріске алып кетті бірден. Узиге түсірді. Толық тексеріп, гипс салды маған. Інімді болса жансақтау бөліміне алып кетіпті.

Алмазбек Асанов, Қырғыз Республикасы азаматтық қорғау басқармасының басшысы:

Ерлан мен Тілектің жағдайы екен. Жансақтау бөлімінде жатқан Ринаттың жағдайын көріп шүкір еттік. Облыстық ауруханадағы азаматтардың барлығына үлкен ризашылығымды білдіремін.

Euronews телеарнасы «Бұл ұшаққа Грозный аспанында зымыран сынағы тиген. Дәл сол мезетте Грозныйда Украина ұшырған дрондарға қарсы зымыран ұшырылып, зымыран аспанда ұшақтың маңында жарылған» деген болжаммен бөлісті. Бұл болжамды көптеген әлемдік ақпарат құралдары жазды.

Басында «қозғалтқышқа құстар кіріп кеткен, салонда оттегі баллоны жарылған» деген болжамдар айтылған. Апатты тергеу жөніндегі Қазақстан үкіметі комиссиясының жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев 26 желтоқсандағы брифинг кезінде «барлық нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмаймыз» деді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ұшақ құспен соқтығысқан ба, әлде ішінде жарылыс болды ма - ол қорытынды шыққанда ғана белгілі болады. Біз Әзербайжандағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны алған жоқпыз. Дәл қазір ресми нұсқа жоқ. Сондықтан біз қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз. 

Кеше Ресей президентінің Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке телефон соққаны туралы ресми ақпарат тарады. В.Путин трагедия Ресей әуе кеңістігінде болғанына кешірім сұраған. «Кесте бойынша ұшып келе жатқан Әзербайжан ұшағы Грозный әуежайына қонуға бірнеше рет оқталды.

Осы уақытта Грозный, Моздок және Владикавказды украиндық әскери ұшу аппараттары шабуылдап, Ресей әуе қорғанысы құралдары шабуылды қайтарып жатты», деген Кремльдің хабарламасында.

Әзербайжан президенті И.Әлиев ұшақтың корпусындағы толған шұрқ-тесікке тоқталған. Сонымен бірге экипаж мүшелері мен жолаушылардың жарақаттары сырттан соққы болғанын көрсетеді деген.

Салдарынан ұшақты басқару тетігі түгел істен шыққан. Дегенмен ұшқыштардың біліктілігі мен жанқиярлығының арқасында апатты жағдайда болса да, жерге қондыра алған.

Ал бүгін түстен кейін Илхам Әлиевтің әзербайжан телевизиялық арнасына сұхбат бергені тарады. Ол ресей тарабы біріншіден Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек, екіншіден кінәсін мойындауы шарт, үшіншіден кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс деген.

Біріншісі кеше орындалды, қалғандары да қабылданады деп үміттенемін деп жалғастырған. Иә, соңғы байлам «қара жәшіктер» шифры ашылғасын жасалатынын айтқан. Дегенмен қазіргі байлам да фактілерге құрылған деген.

Осы комментарийінде Ильхам Әлиев қазақ халқы нағыз бауыр екенін көрсетті, құтқарушылар ұшақта жарылыс болуы мүмкін екеніне қарамай, жанұшырып адамдарды құтқаруға кірісіп кетті, дәрігерлер де сөйтті деп қазақ халқына тағы рақмет айтқан. Мәлімдеме тараған соң И.Әлиев пен В.Путиннің телефонмен тағы сөйлескені жайлы ақпарат таратты, Кремль.

Үкімет комиссиясын басқаратын Қ.Бозымбаев ұшақтың «қара жәшігін» оқуға орта есеппен екі аптадай уақыт керек деген-ді. Жәшіктердегі шифрды ашу - құлаған Embraer 190 ұшағын өндіретін Бразилия сарапшыларының қатысуымен өтеді.

Тергеуге қатысу үшін бүгін ИКАО – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының секция басшысы Тормодур Тормодсон Ақтауға ұшып келді. Сонымен апатты тергеп тексеруге 17 халықаралық сарапшы тартылып отыр.

Үкіметтік комиссия төрағасы «Әуе апатын тергеу жұмысы Қазақстан құзыретінде және Бас прокурордың қатаң бақылауында» деді. Неге Қазақстан? Себебі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарты бойынша әуе апаты болған мемлекет тергеу жүргізуге жауапкершілік алады. Айрықша тоқталатын дүние – еліміздің барлық жәрдемді жедел бергені.

Құтқару, медициналық, ақпараттық, ұйымдастырушылық жұмыс жоғары жауапкершілікпен істелгендей. Адамдардың қан тапсырғаны, Әзербайжан елшілігі мен консулдықтарына гүл шоқтарын апарғаны қайырымды қоғамға тән әрекеттер.

Осыдан бес жыл бұрын «Бек эйр» компаниясының ұшағы құлап, 12 адам опат болған апат та еске түсті. Соттың қорытындысы қоғамға шегелеп жеткізілген жоқ. Биыл көктемде шешім шыққан көрінеді. Бірақ іс қайта қозғала ма, сондай. Осы аптада Көлік министрі солай деген. Апаттың басты себебі санитарлық зонада үйлердің салынғаны, соларды сүру керек деген.

Рас солай ма, солай болса, санитарлық зона қалыпқа келтірілді ме? Әрбір апаттан кейін берілетін кеңес мүлтіксіз орындалуы міндет. «Әрбір ереже қанмен жазылады». Әйтпесе не болатынын ...тарқатып айтқың да келмейді.

Айтпақшы, жұмада Qazaq Air компаниясы Астанадан Екатеринбурге қатынайтын рейстерді тоқтата тұратынын хабарлады. «Жолаушылардың қауіпсіздігі» үшін деген түсініктемеде. Ал Омбы мен Новосібірге қатынай береді. Саяси картаны бір қарап қоюға болады.

Айта кететін бір хабар, бүгін Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында Jeju Air компаниясының Boeing 737-800 ұшағы дұрыс қона алмай, жолақтан шығып кетіп, қоршауға соғылып барып өртенді. Екі жолаушыдан басқасы түгел опат болды. Бангкоктан қайтып келе жатқан бортта жалпы 181 адам болған. Оның алтауы – экипаж мүшелері. Жолаушылардың екеуі Таиланд азаматы болса, қалғанының бәрі Кореяның азаматтары болған. Қазіргі мәліметтерге қарағанда, ұшақ апатына шассидің ашылмай қалуы себеп болғанға ұқсайды.

Хабарламаларға жазылу