Заңсыз алынған активтерді мемлекет меншігіне қайтарып, ел игілігіне пайдалану және инвестиция көлемін арттыру. Отандық сарапшылар ел экономикасына оң әсер еткен негізгі бастамаларды атады. Биыл құзырлы органдар заңсыз активтерді қайтару бойынша қызу жұмыс жүргізді. Инвестиция көлемі де артқан екен.
Тілші материалына назар аударайық.
Қымбат вилла, зәулім сарай, люкс санаттағы автокөлік. Мемлекетке қайтарылған заңсыз актив көлемі биыл да миллиардтармен толыға түсті. Құзырлы органдардың ауқымды жұмысының арқасында 1 трлн теңгеден астам қаражат қазір мемлекет меншігінде.
Дүние-мүлік түрінде қайтарылған актив Қаржы министрлігі бақылайтын басқарушы компанияға тиеселі. Кәсіпорында қазір жалпы құны 87 млрд теңге болатын 250-ге жуық нысан бар. Оның 41 млрд-ы ерікті түрде, 46 млрд теңге сот шешімімен қайтарылған. Заңсыз мүлік көбіне қонақ үй, бизнес орталық, зауыт-фабрика, әкімшілік ғимарат, жер телімдері мен бағалы әшекей түрінде мемлекетке өтті. Дені - Ресей, БАӘ, Түркия және Франция сияқты елдерден. Ал ақшалай түскен қаражат арнаулы мемлекеттік қорда жатыр. Қазір иелігінде 100 млрд АҚШ долларынан астам капиталы бар адамдар тексеріліп жатыр.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы:
Осы желтоқсанда келісімдер бойынша қаражаттар бар. Тағы ондаған млрд ақшалай қаражат түсуі керек. Мүлікті өткізу бойынша рәсімдер жүріп жатыр. Біз де комиссиядағы басқа уәкілетті органдар да күнделікті тынбастан жұмыс істеп жатыр.
Осылайша, биыл Үкімет қайтарылған актив есебінен Астана мен Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған оңалту орталықтары, Арқалық қаласында спорт кешені мен Шымкентте студенттік жатақхана салатын болды.
Инвестициялық жобаларды арттыру бойынша да нәтижелі жұмыс бар. Негізгі капиталға салынған қаржы өткен жылғы көрсеткіштен асып түскен. Соңғы 11 айда экономикамызға 16 трлн теңгедей қаржы салынды. Жаңа жобалардың көбі Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан және Алматы облысында ашылмақ.
Әлжан Естемесов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жобалар департаменті директорының орынбасары:
Шетелдіктер қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығына қызығып отыр. Өйткені, Қазақстанның бидайы болсын, жүгерісі болсын, басқа да дәнді дақылдардың көп екеінін көріп отыр. Енді шикізат экспорттау ғана емес, оны Қазақстанда өңдеп, дайын тағамдарды өз еліне экспорттауды жоспарлап отыр.
Мәселен, қытайлық ірі компания Ақмола облысында бидай өңдеу зауытын салмақ. Жоба құны 1,5 млрд АҚШ долларынан асады. Зауыт 2-3 жылда салынып, мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Жалпы егемендік алғаннан бері ел экономикасына 417 млрд доллар шетелдік инвестиция салынды. Алдағы 5 жылда дәл осынша қаражат тарту жоспарда бар. Ал тиісті міндетті орындай алмағандар жауапсыз қалмайды. Президент инвестициялық ахуал нашар болса, министр де, әкім де жазаланатыны ескертті.
Айя Мүтәлі