Гвинея-Бисау Қазақстанның спутниктерін сатып ала ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гвинея-Бисау Қазақстанның спутниктерін сатып ала ма?

22.12.2024

Қазақстан спутник шығарады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоға спутниктерді құрастыру кешенін көрсетеміз. Қазақстанның спутниктерін сатып алуды ұсынамыз» депті.

Португалияның колониясы болған, 1973 жылдан тәуелсіз, Африканың батысында орналасқан 2 млн-нан асатын тұрғыны бар Гвинея-Бисаудың президенті Умару Сисоку Эмбало ресми сапармен келіп кетті. Бұл мемлекеттің экспортының 90 процентін кешью жаңғағы құрайды. Одан кейін балық пен креветка. Гвине́я-Бисаудың аумағында мұнайдың мол қоры бар. Бірақ бұл табиғи ресурсты игере алмай отыр...

Ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 494 АҚШ долларынан келетін мемлекет әлемдегі кедей елдердің бірі...

Қазақстан Гвинея-Бисауға дәнді дақылдарды экспорттауға әзір.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін Гвинея-Бисау жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды. Бүкіл мәселені тек ірі державалардың шешетіні, ал соңғы уақытта олардың өзара компромисс тетіктерін жоғалтқаны, күштінің зорлық көрсетуі қалыпқа айналғаны, тағысын тағы – көп болса да қақы аз басқа мемлекеттердің мұндай «тәртіппен» өмір сүргісі келмейтінін тұжырымдаған «Орта державалар» туралы Қазақстанның ұсынысын әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттерге таныстыру жолы да сияқты. Мұндай сапарлар.

Жайна Сламбек


Хабарламаларға жазылу