Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданды

21.12.2024

Биыл Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданды. Бұл – Ұлттық құрылтайдың қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айнала бастағанының көрсеткіші. Жылды қорытындылаған жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осыны айтты. Сонымен, құрылтай мүшелерінің бастамасымен қандай заңдар қабылданды? Айя Мүтәлі тарқатады.

Бұл – үшінші Ұлттық құрылтайдың қорытынды жиыны. Қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері жыл бойы атқарылған шаруаларды пысықтады. Биылдан бастап алқалы жиынның жұмысына ішінара өзгеріс енген. Құрылтай мүшелері бірқатар өңірді аралап, жұртшылықпен кездескен.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Біздің құрылтайдың бір айырмашылығы – бұл тек қана бір жиналып, келіп, ортақ бір мәселелерді талқылап, кететін бір алаң емес. Бұл да бір үлкен осындай маңызды. Жүйелі жұмыс жасайтын үлкен бір құрылымға айналып келе жатыр, сіздердің арқаларыңызда.

Биыл Атыраудағы алқалы жиында белсенділер 149 бастама көтерді. Жыл соңына дейін 9 заңды қабылдау туралы міндет қойды. Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, бұл жоспардың басым бөлігі орындалды.

Атап айтқанда, биыл әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданды. Сондай-ақ, Президент вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжатқа қол қойды.

Диқан Қамзабекұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Мектеп оқушыларының түрлі жат қылықтарға баруы. Өлім-жітімнен бастап үлкен қоғамды бүлдіріп отырған вандализмге дейін бәрі де ұғынықты, түсінікті шаралар белгіленуі керек. Ой ретінде, ұсыныс ретінде айтылды.

Ұлттық құрылтайда кеңінен талқыланған мәселенің бірі – жұмысшылар мәртебесін көтеру. Мемлекет басшысы осы ретте 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп бекітті. Ғалымдар, құрылысшылар, кеншілер мен геологтерге, сондай-ақ, шаруаларға мемлекетік наградалар табыстады. Биыл тұңғыш рет Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атағы берілді. Кәсіби мерекелерді атап өтуге ерекше мән берілді. Еңбек күнін бекітті.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Еңбекті дәріптемей, еңбек адамын дәріптемей, жастарды қоғамға, елге, тәуелсіздікке деген дұрыс көзқарасты қамтамасыз ете алмаймыз. Еңбек адамы ғана бұл өмірдің қадірін біледі. Еңбек адамы ғана табыстың қадірін біледі.

1 қыркүйектен бастап білім беру мекемелерінде жалпыұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Оның ішіне осы Құрылтай мүшелерінің айтқан көптеген идеялары да енген болатын. Біздің балаларымыз тәрбиеленіп, білім алып жатқан кез келген мекемелерге бағытталған бағдарлама. Балабақшадан бастап, колледж студенттеріне дейінгі жастарды қамтиды.

Ұлттық дәстүріміз Беташар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бүгінде бұл ұйымның тізімінде 13 элемент бар. Мерекелік күндер тізбесіне Ұлттық кітап күні қосылды. Бұл мейрам келесі жылы 23 сәуірде аталып өтеді. Бұл арқылы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырмақ.

Анар Фазылжан, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Кітап мәдениеті өте жоғары елдер қазір экономикалық жағынан да, рухани саламаттылық жағынан да озық екенін көріп отырмыз. Енді әрбір мерекеге дайындық жүргізіп, оқырман санын арттырып, оқуға баулыған балалардың санын арттырып, дайындалсақ, біз сонда мақсатқа жетеміз.

Айя Мүтәлі, тілші:

Қорытынды жиын әдеттегідей қызу талқылаумен жалғасты. Дәл қазір қоғам белсенділері елді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды. Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты да осы. Халық үнін еститін ашық қоғам құру.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу