Жер көлемі жағынан еліміздегі ең ірі аймақ саналатын Ақтөбе өңірінің минералдық-шикізаттық қоры бай.
Президент Хромтаудағы жаңадан ашылған «Болашақ» шахтасына барды. Оның құрылысына 20 жылдай уақыт кеткен. Тіпті әлемдік жетекші компанияларды көмекке шақырған. Десе де, бұл еңбек ақталуы тиіс. Себебі шахтада шыққан өнім әлемдегі ең сапалы әрі таза хром саналады. Оның үстіне ферроқорытпа өнімдеріне сұраныс жылдан жылға артып отыр. Мамандардың сөзіне сенсек, мұнда қазба байлықтың 70 жылдық қоры бар. Ал кен қазу ісі жаңа технологияның көмегімен іске асады.
Өңірдің өркендеуі инвестициялық ахуалға тікелей байланысты екені белгілі. Биыл облыс экономикасына 764 миллиард теңге қаржы тартылған. Ал инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Әлия Молдағұлова атындағы әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ құрмақ.
Президент сапарының соңында Ақтөбедегі жақында ғана ашылған балалар футбол академиясына барды. Онда 780 бала үздік халықаралық тәжірибе бойынша жаттығады.
Ал Мемлекет басшысы Жетісу облысында алдымен жақында ашылған стационарлы аккумулятор батареяларын шығаратын кәсіпорынға барды.
Аккумуляторлар тау-кен, мұнай, жасыл энергетика салаларында қуат жинақтаушы құрылғы ретінде пайдаланылады. Орталық Азияда баламасы жоқ дейді. Өнімнің 60 пайызы экспортталады.
Атақты «Жетісу» волейбол клубына соқты. Волейболшылардың спорт кешенінің құрылысына 1,2 млрд теңге жұмсалған. Клуб әр аймақтан келген спортшылардан жасақталған. Жеке инвестор тұрғын үй салып берген.
Президент жақында ашылған үстел теннисі орталығына да барды.
Жалпы облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 15 шағын спорт кешені ашылған. Бірі – Ескелдіби ауылында. Ауыл тұрғындары тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелеріне, бокс, күрес, волейбол мен баскетбол секцияларына қатысады. Осы ауылда 150 орындық мәдениет үйі ашылған.
Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке де барған. Оқу орнында 1997 жылы музей құрылып, қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Президентке жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зияткерлік ойын және повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсетілді.
Ал, бұл нөмірі 30 мектеп. Оқу жылының басында пайдалануға берілген. Спортпен шұғылданатын балалар жетістіктерін жарыса айтып жатты.
София Олжасқызы
Айнұр Серікова
Асылым Мұратбек