Үлестік құрылыс ережелері қатаңдатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үлестік құрылыс ережелері қатаңдатылды

11.12.2024

Мәжіліс депутаттары құрылыс секторын жетілдіру және үлестік қатысу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Депутаттар бастамашы болған құжатқа 185 ұсыныс түскен. Түзетулерге сәйкес, алдын-ала келісімдер мен инвестициялық келісімдер жасасуға тыйым салу ұсынылып отыр. Сондай-ақ үлескерлерден рұқсатсыз ақша тартуға және тұрғын үй құрылысы операторының кепілдігінсіз салынып жатқан үйлерді жарнамалауға тыйым салу көзделген. Заңға қандай түзетулер енгізілді, депутатты тыңдасақ.

Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үлескерлердің құқығын қорғау мақсатында заң жобасының басты түзетулерінің бірі – құрылыс жүріп жатқан нысанды әкімдіктің рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға және екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеуге тыйым салу. Салынып жатқан тұрғын үйдің тапсыру мерзімдерін ұзартуды қысқарту. Үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұлды 2000 АЕК дейін ұлғайту.

Бұдан бөлек үлескерлерді қолдау орталығы құрылмақ. Сондай-ақ құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесі 3 жылдан 2 жылға дейін, ірі қалаларда салған құрылыс көлемі 18 мыңнан 10 мың шаршы метрге, ал өзге өңірде 10 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін төмендетілмек. Бұл норма ортаңқол құрылыс салушылардың үлестік қатысу механизмдеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, республика бойынша құрылысы аяқталмаған 51 тұрғын үй бар. Ондағы 4700 үлескер әлі күнге өз үйіне қол жеткізе алмай отыр. Ең көбі Маңғыстау облысында.

Бұдан бөлек үлескерлердің ақшасын тарту арқылы салынып жатқан 177 жеке құрылыс нысаны анықталған. Оның ішінде 115-інің рұқсаты жоқ. Осыған байланысты заңда жауапсыз құрылыс компанияларына қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаза тағайындалуы мүмкін. Енді заң жобасы екінші оқылымда қаралып, одан кейін Сенатқа жолдануы тиіс.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу