Беташар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беташар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді

05.12.2024

Қазақ халқының беташар салты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді. Осылайша көнеден келе жатқан беташар салтымыз адамзаттың асыл мұраларының біріне айналып отыр. Ал әлем назары түскен ата салтымызды ардақтап жүрміз бе? Данияр Әлімқұл ел пікірін естіп келген еді.

Қазақтың беташары ЮНЕСКО-ның әлемдік құндылығына айналды. Бүгін Оңтүстік Америка құрлығының орталығынан осындай жағымды жаңалық жетті. Ақжолтай хабарды алдымен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желідегі жазбасында жариялады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Жаңа ғана Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі «Беташар» адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді.

Иә бұл дегеніміз беташарды бүкіл әлем мәдени мұра тізіміне қызыға қосып, қызғыштай қоруға бет бұрғанын білдіреді. «Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген қазақ үшін бұл үлкен жеңіс», - дейді Атхан ақсақал. 81 жастағы жамбылдық жыршы әлі күнге той жүргізеді, 50 жыл бет ашқан. Ал бір үйдің беташары үшін 7,5 метр өлең жазған.

Атхан Иманалиев, Қордай ауылының тұрғыны:

7 метрден асатын беташар жаздым. Кім сөйлейді, міне, әндері, жырлары әрбір адамға деген. 200 адам шақырғанда бір адам келсе, мен айтамын сені бір адам құрметтеп жүр. Осал емессің сен деймін. Ол жерге бәрі құрметті деп шақырады. Демек құрметті деп шақырғаннан кейін әр қонаққа назар аудару керек.

Беташар – алдымен ақын сөзі. Өлеңмен өрілген шумақтарда жас келінге өнеге, жалпыға өсиет болуы керек. Ақын депутат Қазыбек Иса алты құрлық көз тіккен ата салтымызды жеңілтек дүниеге айналдырмау керек, - дейді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әдеп нормалары айтылады. Одан кейін өсиет, өнегелер айтылады. Одан кейін келіннің міндеттері айтылады. Қазіргі беташарлардың көбісі шоуға айналып кетті. Бет ашатын адамның, ақынның да салмақты, әйгілі, белгілі таланты болуы керек. Сол ауылдың, аймақтың қасиетті, қадірлі кісілерін бәрін сол жерде жұптап жазып, әдемілеп келтіруі керек.

Айта кетейік, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция осыдан 21 жыл бұрын қабылданды. 8 жыл бұрын түркі жұртының Наурыз мерекесі де дүниежүзілік ұйымның әлемдік тізіміне кірді. ЮНЕСКО адам шығармашылығы мен мәдени алуандықты құрметтеуді назарға алады. Ендеше бұл қатарға ұлтымыздың өзге де құндылықтары қосылатынына сенім мол.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу