Британия үкіметі босқындарды әскери казармаларға көшірмекші
Британия үкіметі босқындарды әскери казармаларға көшірмекші. Өйткені халық салық төлеушілердің есебінен қонақүйлерді паналап жүргендерге қарсы. Билік бұл алдыңғы үкіметтің жіберген салғырттығы, деп мәлімдеуде.
Соңғы айларда мигранттарға қарсы наразылықтар жиілеп кетті. Биліктегілер қоғамдағы шиеленісті басып, бюджетке түсетін салмақты жеңілдетудің жаңа жолын ұсынып отыр. Жуырда Шотландия мен Англиядағы 2 әскери нысанға 900 босқын көшірілмек.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
Босқын мәртебесіне өтініштерді қарау процесін де жеделдетіп, заңсыз жүргендерді депортациялауды жиілетеміз. Алдыңғы үкіметтің салғырттығының кесірі бұл.
Бұған дейінгі билік те бұл әдісті қолданғысы келген. Бірақ аудит әскери нысандардың қонақүйлерге қарағанда қаржылық тұрғыда тиімсіз екенін көрсеткен. Бұған қоса, үкімет «цифрлық жеке куәлік» жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Смартфонға орнатылатын қосымша заңсыз мигранттардың жолын кеспек.
Шабана Махмуд, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:
Елдегі тәртіп пен бақылауды күшейтуіміз қажет. Ұлыбританияның есігі баспана іздегендерге әрдайым ашық. Бірақ кімнің келіп-кетіп жатқанын қадағалауымыз керек.
Маусымдағы мәліметке сәйкес, елде шамамен 30 мың босқын қонақүйлерде тұрып жатыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы