Басты Жаңалықтар Қарағандыда қазақ тілін дамыту бағытында үшжақты келісімге қол қойылды

Қарағандыда қазақ тілін дамыту бағытында үшжақты келісімге қол қойылды

Қарағандыда қазақ тілін дамыту бағытындағы бірегей жоба қолға алынды. Облыс әкімдігі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы және «ҚазтұтынуОдағы» Қарағанды университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Үшжақты келісім мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, әріптестік негізде жаңа бірлескен жобаларға жол ашады. Мәселен, Қарағандыда алғаш рет облыстық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өткізілмек.
Әлібек Әлденей, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Бұл жоба аясында қатысып отырған балалардың мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін жалпы тілдік корпустағы тіл байлығын кеңейтуге бағытталса, екінші жағынан бұл жас ұрпақтың арасында патриоттық сезімді оятуға Қазақстанның тарихын білуге арналған жоба.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Сайыскерлер жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа оқып бақ сынайды. Байқауға облыстың 324 мектебінен 4 мыңнан аса оқушы қатысып отыр.
Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті:
«Тұлпар мініп, ту алған!» деген әдемі атпен басталған бастаманың аясында мектеп оқушыларын соған баулып, тәрбиелеп, жаттықтырып жатқан мұғалімдерді, ұстаздарды қолдау біз үшін маңызды.
Меморандум аясында «ҚазтұтынуОдағы» Қарағанды университеті байқау жеңімпазына оқу грантын ұсынбақ.
Алмас Орынбеков, «ҚазтұтынуОдағы» Қарағанды университетінің проректоры:
Ректор қолдады, жеңімпаздарға міндетті түрде грант беретін боламыз. Болашақта да осындай іс-шараларды қолдайтын боламыз. Енді осы қойылайын деп отырған меморандум ары қарай да осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіреді деген сенімдеміз.
Ал жеңімпаздың ұстазына «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы атынан автокөлік тарту етілмек. Бұл меморандум Қарағанды облысында қазақ тілін дамыту мен жастардың рухани тәрбиесін күшейту жолындағы маңызды қадам дейді, - жауаптылар.

Бөлісу