Маңғыстауда Түпқараған ауданының тұрғындары білім бөлімінің қызметкеріне алданып қалды. Балаларын Алматыға лагерьге жібереміз деп оған әр ата-ана 25-40 мың теңгеден қаражат аударған. Әккі алаяқ аудандағы 10 мектептің ата-анасынан ақша жинап, сан соқтырды. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Ақшұқыр ауылының тұрғыны Эльмира Әнетова «Лагерьге бала жинап жатыр» деген хабарды мектептен естіген. Нақтырақ айтқанда, математика пәні мұғалімінен ата-аналарға хабарлама келген. Жалғыз басты ана соған сеніп, тамыз айынан бастап баланың құжатын дайындап, социолог маманға баланың жол-пұлы үшін 40 мың теңге аударған. Бірақ ұлы лагерьге әлі бармапты.
Эльмира Әнетова, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:
Тездетіңіз, тездетіңіз деп кешке дейін жанықтырды. Бүгіннен қалдырмаңыз деген соң көршілерімнен қарыз алдым. Бірінші жаздық киім алдым, одан күздік киім алдым, күзде кетеді деп. Одан кеше қыстық киім алдым, лагерьге алқам-салқам болып бармасын балам деп. Шамамен менен 300 мыңдай анық кетті.
Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Айнұр Құрманова да алаяқтың құрбаны болдым дейді. Ол екі баласының жолына 80 мың теңге төлеген. Айтуынша, олардың мектебінен 60 оқушыдан ақша жиналған.
Айнұр Құрманова, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны:
Былықтың артында тұрған ақшаны жинатқан білім бөлімі ме, аудан басқармасының адамы ма, бір-біріне сілтеп жатыр. Бізге шындық керек. Балалардың дайындалуы, оның ұйқысын бұздық. Қаншама ата-ананың күйінгені сол – жасөспірім қызға алданып отырмыз.
Дүйім жұртты алдап соққан тұрғын Түпқараған аудандық әдістемелік орталығының әдіскері болып шықты. Жас маман лагерьге бала жіберумен айналысқан.
Айбаршын Өтесбаева, Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы:
Жалпы облыс бойынша берілетін квота бар. Бұл сол квотадан асып, ешкімге білдіртпей, өзі астыртын чат құрып, бірнеше чат құрған ата-аналармен. Сол ата-аналардан алаяқтықпен ақша жинап, жымқырып, бірақ ешқандай баланы лагерьге жібермеген. Қазіргі таңда біз құзырлы органдарға шағымданып, енді солар айналысады.
Бөлім басшысы бұған дейін ата-аналардан бірде-бір шағым түспегенін айтады. Енді қаражатты қайтару бағытында жұмыс жүргізілмек.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ресми мәліметке сүйенсек, Түпқараған ауданындағы 10 мектептің ата-анасынан заңсыз қаражат жиналған. Әр мектептен шамамен 30-60 адам зардап шегіп отыр. Кейбірі тіпті, 3-4 бала үшін қаржы төлеген. Қазір шығын көлемі есептелуде.