Түркістанда шаруалар жерінен айырылып, қыспақта қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда шаруалар жерінен айырылып, қыспақта қалды

03.12.2024

Түркістан облысы Арыс қаласының жергілікті билігі инвесторға береміз деген желеумен шаруалардың пай үлесіне берілген жерлерді қайтарып алып жатыр. Аймақ әкімі жер бөлудегі заңсыз әрекеті үшін қатаң сөгіс алғанымен бұл әрекет әлі де жалғасуда. Бүгінге дейін шаруалардың меншігінен 5 мың гектар жайылым алынған.

Әділет Әшімов қанша қарсыласқанымен меншігіндегі 1 мың гектар жерді әкімдік ақыры алып тынды. Енді малын дарияның бойындағы тоғайда бағуға мәжбүр. Өзге түлікпен қоса түйе өсірсем деген жоспары да күйреді. Енді малдың жайы үшін өзге жерге көшуден өзге амалы қалмай тұр.

Әділет Әшімов, шаруа:

Осы араға келгенімізге 28 жыл. Содан бері қора істейміз, ол тозады. Екіншісін істейміз. Сөйтіп келе жатқанбыз. Енді басқа жерге барып қора істеп, отырып, үйренеміз деп жүргенде әрі қарай 46 жыл өміріміз бар ма, жоқ па білмеймін.

Ал Мұхитдин Белгібаев 200 гектар жерін мемлекетке қайтарып бергенімен оған баламалы жер тимеді. Не жалдау ақысын алмаған.

Мұхитдин Белгібаев, шаруа:

Ақша алынған жоқ. Гос акті мен үкімет субсидияға қазып берген құдығын өткізіп қойдық. Кейін өзіміз хабарын береміз деген. Оны мынадай болды деп ешкім хабарын бермеді.

Бұл алқаптың бәрін былтырдан бері шетелдік инвестор пайдаланып келеді. Шаруалардың жері әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берілген дейді адвокат.

Мұрат Тоқтамысов, шаруалардың адвокаты:

Түркістан әлеуметтік корпорациясы ауылшаруашылығы мақсатындағы ұйым емес. Ол бұл саламен айналыспайды. Оның ауылшаруашылығы мақсатындағы жер алуға құқы жоқ. Бұл жер кодексінің 24 бабын өрескел бұзып, шетел азаматына жалған түрде беріп отыр.

Инвестициялық жоба бойынша биылдың өзінде мың гектар жерге тамшылатып суару тәсілімен мақта егілді. Келесі жылы өнім алу үшін тағы 11 мың гектар жер жыртылып қойды.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасының арасындағы мына жер жантақ, жусан, күйреуік, дәнасар секілді көпжылдық шөпке тұнып тұратын. Мыңғырған малдың қыс бойғы азығы да сол еді. Тыңға салынған түреннің арқасында қазір бұл маң қылтанақ шықпайтын мынадай сары далаға айналды.

Жергілікті билік бұл жобаның елге пайдасы науқан кезінде 100 адам уақытша болса да жұмысқа орналасады дейді. Келешекте мақтаны өңдейтінкәсіпорын салу да жоспарда бар.

Ғалым Сыпатай, Арыс қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жер шетелдіктерге берілген жоқ. Бұл жер Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берілді. Оның 6 мыңы шаруалардың өзімен келісімшарт негізінде алып жатқан жерлер.

Алайда шаруалардың арызынан кейін қала әкімдігі жерді бөлу, шаруашылықтарды орналастыру талаптарын бұзғаны анықталды. Яғни жерді мемлекет мұқтаждығына қайтарып алу процесі аяқталмай жатып, инвестор егістікті игеруге кірісіп кеткен. Осы әрекеттер үшін облыс әкімі Арыс қаласының басшысына қатаң сөгіс берді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу