Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі.
Мемлекет басшысы Ресейде шығатын «Известия» газетіне жарияланған мақаласында осылай деді. Онда ортақ мүдде мен жоғары деңгейдегі саяси диалогқа негізделген стратегиялық серіктестік нәтижесінде тарихи және мәдени байланыстар дамып, мемлекеттердің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келетіндігі айтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді. Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр.
Мақалада екі елдің энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылып, қазірдің өзінде 49 жоба жүзеге асырылып жатқаны жазылған. Одан бөлек Еуразиялық экономикалық одақтың табысты жұмысы да сөз болды. Баспасөз бетінде Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының маңызы мен талқыланатын негізгі мәселелер де жарияланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазір өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз.
Сондай-ақ, Президент БРИКС ұйымының Қазан қаласындағы тарихи саммиті өте нәтижелі болғанын атап өтті. Сөз соңында 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік болатынына сенім білдірді.
Серік Жұмабек