Шымкент қаласының тұрғындары енді шығарма оқу үшін кітапханаға барып уақыт жоғалтпайды. Мегаполистегі адам көп жиналатын орындар мен аялдамаларда QR коды бар электронды кітапханалар пайда болды.
Ел Президенті Ұлттық құрылтайда айтқандай, озық ойлы ұлт болудың төте жолы - кітап оқу. Оған ұялы телефонның көмегі зор болмақ. Енді аялдамаға ілінген QR коды бар электронды стендтер арқылы автобуста немесе ауладағы орындықта тынығып отырып та кітап оқуға болады. Бұл уақытын тиімді пайдаланғысы келетін оқырмандар үшін ыңғайлы әрі оңай.
Жазира Нысанбай, студент:
Осы жылғы менің ең тамаша жаңалығым осы QR арқылы кітапхана болды. Себебі автобуста уақытымызды тиімді пайдалануымыз керек. Және де өзімізді рухани жағынан дамытамыз. Өзім осыдан бір кітап ашып көрдім. Оқылады екен.
Электронды жүйенің тағы бір тиімді тұсы оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын бағамдап, сұранысқа ие шығармалардың рейтингісін жасауға болады. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері көркем туынды неше рет жүктеліп, оқылғандығын да біліп отырады.
Әйгерім Алдабергенова, әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының сектор меңгерушісі:
Бұл жерде жергілікті қаламгерлердің авторлық құқығы сақталған шығармаларын және де өлкетану бойынша сирек кездесетін кітаптарымызды осы QR коды арқылы оқу мүмкіндігі бар.
Мұнан бөлек көше бойларына қойылған кітап пішініндегі QR орындықтар да көпті елең еткізетін дүниеге айналды. Олардың әрбіріне бөлек атау берілген.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы мына орындық «Мәдениет мәйегі - кітап» деп аталады. Мұнда С. Көбеевтің «Қалың мал», Ғ. Ә, Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Мүсіреповтың «Ұлпан» кітаптары қойылған. Енді олардың мұқабасындағы QR код арқылы электронды кітапханаға қосылып, қалаған шығармамызды орындыққа жайланып отырып, оқи беруге болады.
Әзірге QR коды бар электронды кітапхана сөрелері жоғары оқу орындарының төңірегі және халық көп жиналатын демалыс аймақтарының маңына жасақталуда. Болашақта шаһардың барлық аумағында пайда болады.
Ғани Қалмаханов