Жасұр Момынов балық шаруашылығын 1 жыл бұрын бастаған. Өнімін жергілікті дәмхана, дүкендерге сатып жүр. Алайда, әлі табыс тапқан жоқ. Кәсібін өрге домалату үшін керісінше әбден қарызданғанын айтады. Осылай жалғаса берсе, шаруашылықты жабуға тура келе ме алаңдап отыр.
Жасұр Момынов, шаруа:
Балық өсіру үшін жем қажет. Оның арнайы жемдері бар. Ол қымбат тұрады. 700 теңгеден басталады. Мысалы, 12-13 тонна жемге 11-12 млн теңге жұмсалынады ғой. Субсидия соның 30 пайызын береді.
Балық шаруашылығының мәселесі Мәжілісте қаралды. Заң жобасында инвесторлар үшін тиімді ұсыныстар қамтылған. Яғни, балық шабақтары мен жеміне бөлек субсидия қарастырылады. Сондай-ақ, шаруашылыққа қажет су бағасын төмендету үшін де арнайы жеңілдік берілмек.
Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұдан бөлек су қоймаларын жалға беру мерзімі ұзартылады. Бұған дейін 5 жылдан 25 жылға дейін берілсе, енді 10-нан 49 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр.
Ал шаруашылық ашу үшін 500 млн теңге құятын кәсіпкерлерге Каспийдегі су аумақтарын ешбір байқаусыз бөліп беру ұсынылып отыр. Депутаттарға заң жобасының осы тұсы күмәнді көрінді.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сол инвесторларға балық шаруашылғы айдынын, яғни көлдерді конкурс өткізбей, тегін беру қарастырылған. Енді сол көлдерді конкурссыз тегін беру сыбайластыққа алып келмей ме? Ертең сол жерде конкурс өткізгендердің көкесі, құдасы жүрмей ме?
Вице-министр алаңдауға негіз жоқ деді. Сыбайлас жемқорлық мәселелерімен арнайы комиссия айналысады.
Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
Сондықтан бұл жерде шешімді бір адам қабылдамайды. Яғни, сыбайластық тәуекелін азайтады деген ойымыз бар.
Айя Мүтәлі, тілші:
Балықты шаруашылықта өсіру бөлек, су айдындарында аулау өз алдына бөлек мәселе. Қазір браконьерлерге қарсы күресті күшейту қиынға соғып тұр. Себебі, салада су инспекторлары тапшы. Бұрын 700 инспектор жұмыс істесе, қазір оның саны 300-ге дейін қысқарған. Мамандар соның кесірінен заңсыз аулау, су айдындарын ластау жағдайлары жиілегенін айтады.
Айя Мүтәлі