«Balapan» телеарнасы 2025 жылға арналған анимациялық жобаларды іріктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасы 2025 жылға арналған анимациялық жобаларды іріктеді

15.11.2024

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Balapan» телеарнасы анимация өндіруші компаниялармен ашық талқылау өткізді. Конкурсқа 70 компаниядан 100-ге жуық өнім келіп түсті. Іріктелген 20 өндіруші 28 жобаны таныстырды. Анимациялардың тақырыптық бағыты ретінде киберқауіпсіздік, балалар құқығын қорғау, салауатты өмір салты, экологиялық мәдениет және ұлттық фольклор мен тарихи тұлғаларды танытуға басымдық берілген. Ашық питчинг қорытындысы жыл соңында жарияланады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жыл сайын 350 серияға жуық анимациялық жоба түсіреді. Одан бөлек 1300 бөлімге жуық шетелдің үздік деген анимациялық мультфильмдерін қазақ тіліне дубляждайды. 

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Біз негізі жылына бірнеше рет осындай питчингтер өткіземіз. Оның мақсаты, - қазір өздеріңіз білесіздер, балалардың санасы да, психологиясы да өзгеріп жатыр. Бізде оған ілесіп отыруымыз керек. Соңғы тренд, тенденцияларды сақтауымыз керек. Сонымен қоса ең басты біздің жұмысымызда түсіретін акцентіміз - қазіргі балалардың, өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына қазақи қасиеттерді сіңіруіміз керек. Әрине идея өте көп. Идея жағынан Қазақстандағы аниматорлар кем емес. Ең бастысы сол идеяларды дұрыс іске асыра алатын продакшндар керек. Мәселе сонда, сапада.

Мақпал Үкенова, «Balapan» телеарнасының директоры: 

Биылғы біз үшін ерекше жанр ол - детектив жанры қосылды. Спорттық тақырыпта Жақсылық Үшкемпіров атамыздың өмірі жайлы «Чемпион» жобасы келді. Пластилин стилінде алғаш рет жобалар ұсынылды. Балаларға мақал-мәтелдердің мән-мағынасын жетік тілде, жеңіл түрде түсіндіретін «Қоңыр мен Теңбіл» жобалары келді. Сапа жылдан жылға артып жатыр. Отандық анимация әлі де үлкен жетістікке жетеді деген ойдамыз.

 Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу