Елімізде әрбір төртінші отбасы бедеулікпен күресіп келеді. Медицина дамығанмен, бұл көрсеткіш әлі де азаймай тұр. Статистикаға жүгінсек, қазір 25 мыңға жуық отбасы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша мемелекеттен берілетін квотаға кезекте тұр. Сондай-ақ, ерлер белсіздігі де белең алып тұр, дейді репродуктолог мамандар. Бұл көрсеткіштің жыл сайын артуының себебі неде? Мамандар не дейді? Айдана Қуантхан тарқатсын.
Сандуғаш Тұрысбековаға осыдан 8 жыл бұрын бедеулік диагнозы қойылған. Яғни, тұңғышын босанғаннан кейін, дәрігерлер жатырдың оң жақ түтігі бітеліп қалғанын анықтайды. Жасанды ұрықтандыру арқылы, 8 жылдан соң құрсағына сәби бітіп, қазір ұзақ күткен қуанышы – Мүслімді қызықтап отыр.
Сандуғаш Тұрысбекова, қала тұрғыны:
Бірден дәрігерлердің көмегіне жүгініп, репродуктологтарға барып, мәселені шешсе болады. Отандық медицина саласы шетелдікпен иық тіресіп тұр деп айтсам болады.
Мамандар әйелдердің бедеулікке шалдығуының 80 пайызына түсік жасату себеп, дейді. Сондай-ақ, соңғы уақытта жатыр түтікшелерінің бітелуі диаогнозы да жиі кездеседі екен. Десе де, бедеулік мәселесіне жалғыз әйел кінәлі емес.
Әйгерім Әбшекенова, гинеколог-репродуктолог:
Осыдан екі-үш жыл бұрын әйелдік бедеулік басым болған. Қазір теңелді десек болады. Ол не себепті? Өйткені, ер азаматтар қаралғысы келмейді. 40-45 пайыз әйел, 30-35 пайыз ер, қалғаны екеуі қосылған бедеулік десек болады.
Дертпен күресуге отандық медицина қауқарлы, деп отыр мамандар. Қазір дәрігерлер жасанды ұрықтандыру кезінде эмбрионды таңдап беретін эмбриоскоптің көмегіне жүгінеді. Жасанды интелектке негізделген құрылғы ұрықтың сапасын анықтайды. Генетикалық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Содан болар, біздің елге шетелден келіп ЭКО жасатушылар көп, дейді мамандар.
Ричард Кеннеди, репродуктолог-дәрігер:
Бедеулік пен белсіздікке бір ғана отбасы емес, бүкіл әлем алаңдап отыр. Бедеулікпен күресіп қана қоймай, оның алдын ала шараларын күшейту керек. Әсіресе генетикалық диагностикалау тәсілін кеңінен қолданған дұрыс деген ұсыныс айтар едім.
Бедеуліктің факторлары көп. Соның ішінде, қант диабеті, семіздік, қан қысымы аурулары дертті асқындырады, дейді мамандар. Бұрын «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жылына мың квота бөлінсе, қазір жеті есеге артқан. Оның 50 пайызы сәтті аяқталады, дейді дәрігерлер.
Айдана Қуантхан