Түркістан облысында жарымжан жандарға қызмет көрсететін 65 адам жұмыссыз қалмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жарымжан жандарға қызмет көрсететін 65 адам жұмыссыз қалмақ

06.11.2024

Түркістан облысында жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы қызметерлерінің өзі жұмыссыз қалғалы тұр. Шымкент қаласында жайғасқан №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы облыс аумағына көшірілетіндіктен осында еңбек етіп келген 60-тан астам қызметкер енді қайда барарын білмей дал. Олардың ішінде жарымжан жандар да бар.

Осылай деп әндеткен Ермек енді жұмыс іздеп сабылуға мәжбүр. І топтағы жарымжан жігіт орталықта он жыл бойына музыкалық жетекші болып еңбек етті. Өзі қоларбада отырып, жұптасып билеуден әлемдік сайыстың жүлдегері. Орталықтағы жалақысына сеніп, мегаполистен несиеге баспана да алған.

Ермек Қалымбетов, музыка жетекшісі: 

Ол жаққа баратын болсам спортымды ауыстыруым керек. Мекенжайымды ауыстыру керек болады. Шымкент қаласынан ипотека алып қойғанмын, ол жаққа барып қайта үй ала алмаймын. Ол жаққа барсам пәтерге төлеуім керек немесе бұл жақта ипотека төлеуім қажет.

Орталықтағы 65 қызметкер Ермек секілді желтоқсан айынан бастап жұмыссыздар қатарына қосылмақ. Олардың ішінде зейнеткерлік жасына небәрі он ай ғана уақыт қалған Құттығыз Бекбота да бар.

Құттығыз Бекбота, орталық қызметкері: 

Барлықтарыңыз жұмыспен қамтуға барасыңдар дейді. Ол жерде 6 ай ғана береді. Одан кейін не болады? Онда да айына 100 мың теңгенің 50-60 мыңын ғана аламыз. 

Әлеуметтік орталықта жылына 850-дей мүміндігі шектеулі азамат бір ай бойына жатып ем алып келді. Оларға 6-7 түрлі оңалту қызметі көрсетілетін. Бір айдан бері мұндай көмек тоқтап қалды. Енді екі өңірдің аумақтық бөлінісіне байланысты мекеме Түркістан шаһарының маңындағы Оранғай ауылына көшірілмек.

Абылай Жанбай, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының заңгері: 

Арнаулы қызмет көрсету орталығы мекемесінің ғимараты 1942 жылы салынған. Ғимараты тозған. Қолданыстағы талаптарға сай келмейді. Осыған орай Сауран ауданындағы №6 орталығына бір-біріне қосу арқылы қайта ұйымдастыру жүргізілуде.

Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымы жылы орнымыздан қозғамаса екен дейді. Немесе Шымкент қаласы әкімдігінің қарамағына өткізсе деген деген талап қойып отыр. Алайда мегаполис бұл ғимаратты керек еткен жоқ. Осылайша жұмыссыз қалған азаматтардың проблемасына әзірге ешкім бас қатыратын емес. Ал Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 40 пайызы әлеуметтік орталықтардың қызметіне мұқтаж.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу