Мүгедек баласы бар ата-аналар ерте зейнетке шығуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкіметте осылай деп мәлімдеді. Ал ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін мектепте жұмыс істейтін арнайы көмекші мамандар әзірленеді.
Алтынай Нұрымбетова тұңғышының ерекше қажеттілігі барын 2 жасқа толғанда бір-ақ білді. Әуелде бұл диагнозды қабылдай алмаған. Десе де, ұлын ел қатарына қосу үшін дереу қамданды. Емхана мен түрлі оңалту орталықтарын тоздырды. Оның сөзінше, бүгінде ерекше балалардың ата-анасына бағыт-бағдар беретін арнайы бағдарлама жоқ. Соның кесірінен біршама уақыт жоғалтқан.
Алтынай Нұрымбетова, ата-ана:
Бізде ақпарат өте аз. Дайын болмайды. Енді не істеймін? Неге ондай сұрақ қояды. Өйткені, әрі шынымен де аз жұмыс жүргізілмейді.
Ерекше балалардың мәселесі бүгін Үкіметте талқыланды. Денсаулық сақтау министрінің дерегінше, соңғы үш жылда мүгедектігі бар бала саны 11 пайызға артқан. Әсіресе, 7-18 жастағы жеткіншектер арасында жүйке жүйесі аурулары көбейген.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Негізі өсу себептерінің бірі ерте диагностикалық әдістердің қайта қаралуы. 2021 жылдан бастап аутизмге байланысты жаңа скрингтар енгізілді. Соған байланысты ерте анықтау. Сонымен қатар, әлі де проблемалар бар. Бұл туа біткен аномалиялардың әлі де жоғары болуына байланысты.
Енді мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектепте «жеке көмекші» жұмыс істейді. Ол үшін келесі жылдан бастап колледждер 3,5 мың педагог асисстент даярлайды. Ал мұндай мамандар бүгінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тапшы. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 203 мың ата-ана үшін де түрлі жеңілдіктер жасалмақ. Олар зейнетке ерте шығуы мүмкін.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Біз әрдайым кеңесте осы мәселені көтереміз. Бірақ қәзір дәл осы аналар үшін зейнет жасы төмендейді деген оң шешім жоқ.
Ал әлеуметтік жәрдемақы алу үшін мүмкіндігі шектеулі жандар жыл сайын мүгедек екенін дәлелдеуге міндетті. Оларды жұмыспен қамту жағы да ақсап тұр. Еңбек етуге қабілетті азаматтардың 50 пайызы екі қолға бір күрек таппай жүр. Премьер-министр мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалып жатқан жұмыстарды мардымсыз деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Қолайлы орта қалыптастыру бойынша істеліп жатқан жұмыстарда көзбояушылық көп. Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет.
Айя Мүтәлі, тілші:
Иә, еліміз бойынша 700 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар болса, 16 мыңнан астамы Үкіметке арыз шағым түсірген. Премьер-министр бұл мәселені шешу үшін енді әкімдер мен министрлердің мүмкіндігі шектеулі жандар бойынша арнайы кеңесшісі болуы қажет екенін айтты.
Айя Мүтәлі