Алматыдағы индустриалды аймақта 3 700 жұмыс орны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы индустриалды аймақта 3 700 жұмыс орны ашылды

04.11.2024

Банктік төлем карталарын шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек, Еуропа, Біріккен Араб Әмірлігі, Үндістан елдерімен серіктестік орнатпақ. Жылына 25 млн карта шығаратын компания Алматыдағы индустриалды аймақта жұмыс істейді. Өндіріс ошағы мемлекеттен 2 млрд теңге көлемінде несие алған. Жалпы индустриалды аймақта қанша жоба жұмыс істеп тұр? Айдана Қуантхан тарқатады.

Индустриалды аймақта орналасқан компанияға 5 000 шаршы метр болатын аумақ жалға берілген. Кәсіпорында тапсырыс бойынша асыл тастармен көмкерілген бірегей банк карталары шығарылады. Мәселен, мына карта шойыннан құйылып, күміс, алтын тастармен әрленген. Ішіне төлем чипі салынған. Бірегей туындыға шетелдіктердің қызығушылығы жоғары, дейді компания басшысы.

Данияр Байбатшаев, «Rosan Asia» ЖШС директоры:

Біздің карталарымыз халықаралық төлем жүйесіне лайықталған. Жылына 12 млн пластикалық карта, 100-150 шойын, 50 алтын карта шығаруды көздеп отырмыз. Индустриалды аймақта бізге барлық жағдай қарастырылған. Кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қосымша жұмыс орындарын ашуды қарастырмақшымыз.

Алматыдағы индустриалды аймақта соңғы 8 жыл ішінде 133 млрд теңге болатын 32 жоба жүзеге асырылды. 3 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Аймаққа жауаптылардың сөзінше, кәсіпорындар бюджетке 55,5 млрд теңге салық төлеген. Сондай-ақ жыл соңына дейін жалпы құны 25 млрд теңгеден асатын 13 жоба іске қосылады.

Тимофей Мунарев, индустриалды аймақтың инвесторлар тарту бөлімінің басшысы:

Индустриалды аймақ өнеркәсіптік-өндірістік бағытты қолдау мақсатында құрылды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген бағамен аумақтан жер алдымен жалға беріледі, өндіріс іске қосылған соң төмен бағада сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Индустриалды аймақта 108 компания бар. Олар толықтай іске қосылған кезде 14 мыңдай адам жұмыспен қамтылады.

Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорындарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Қазіргі уақытта 25 мың шаршы метр аумаққа шағын өнеркәсіптік парктер құру жоспарланған.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу