Баланың тілі өз жасында шықпаса, ерсі қылықтары болса көп ата-ана еркелік деп қабылдайды. Тіпті бұған бола алаңдап, дәрігерге апармайды. Ал, мамандар аутизммен ауыратын, дамуында тежелісі бар балалардың көбейіп келе жатқанына алаңдаулы. Дегенмен баланың ойын барысындағы әрекеттеріне зер сала қарап, ауру белгілерін білуге болатынын айтады. Баланың диагнозын ертерек қалай анықтауға болады? Әріптесім Серік Жұмабек біліп көрді.
Мамандар баланың жасы 3-тен асса да сөйлемей, ерсі қылықтары болса, ата-анасы бірден қолға алу керектігін айтып дабыл қағып жатыр. Себебі қазір қоғамда дамуында ерекшеліктері бар бүлдіршіндер көбейген. Ал, дәрігерлер баланың агрессиясы мен оғаш ойындарына қарап, ерекшелігі бар екенін ерте жастан анықтауға болады деп отыр.
Шолпан Аянғалиқызы, ҚР Дефектологтар және логопедтер ассоциациясының жетекшісі:
Қай жер болсын ол емханада болсын, ол көшеде болсын, жерге жата қалады да машинамен ойнауы. Яғни, машинаның дөңгелегіне ғана қарап сол бір нүктемен ғана ойнауы. Я болмаса көзінің алдына әрбір ойыншықты алып келіп ойнауы. Мысалы, пирамида құрастыр десек пирамида құрастырмайды оны тізбектеп ойнап кетуі мүмкін. Оны құрастырып көрсетіп отырсақ та, оны қабылдай алмауы мүмкін. Бұл деген баланың жоғары жүйке жүйесінде нейрондық түзілістері түзілмей жатыр деген сөз.
Бұдан бөлек баланың әрекеттерінен психологиялық дамуының тежелуі, жасына сай сөйлемеуі, тіпті, аутизмға шалдығуын білдіретін белгілерді байқауға болады. Егер экранда көрсетілген жағдай сізге таныс болса ертерек қамданыңыз. Себебі, «баланы 3 жасқа дейін емдеудің нәтижесі көп»,- дейді мамандар.
Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны соңғы он жылда 5 есеге көбейген. Қазір елімізде тіркелгендердің саны 11282-ге жетті. Оның емі де қымбат. Бірақ, мемлекет тарапынан тегін көмек алуға болады.
Майра Бейсен, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басқарма басшысы:
Баланың мүгедектік статусы болу керек деген немесе міндетті түрде динамикалық бақылауда тұру керек деген ондай ұйғарым жоқ. Кез-келген 18 жасқа дейінгі балалар көрсетілімдеріне қарай қандай да бір медициналық көмекке мұқтаж болса оның барлығы мемлекет тарапынан тегін көрсетіледі.
Ал, баланы ақылы орталыққа апару үшін айына кемінде 300-350 мың теңге керек. Мемлекеттік көмек тегін болғанымен жылдап кезек күтуге тура келеді.
«Кішкентай балаға гаджеттер беру де дамуына кері әсер етеді. Ата-ана ретінде ұл-қызбен бірге ойнап, әрдайым сөйлесіп, қалауын білу маңызды. Мамандар осылай дейді. Сәл өссе қатарына қосылып кетеді деп бейғамдық танытып, кеш қалатындар көп екенін еске салады.
Серік Жұмабек