Шымкентте тұрғындар монополист мекемені мемлекетке қайтару үшін сотқа арыз берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте тұрғындар монополист мекемені мемлекетке қайтару үшін сотқа арыз берді

11.10.2024

Шымкентте қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған монополистке байланысты дау ушығып барады. Мәслихат депутаттары кезекті сессияда алпауыт мекемені мемлекет меншігіне қайтару туралы бастама көтерді. Олардың айтуынша тариф қымбат, су сапасыз. Оның үстіне табиғат байлығы саналатын су жекенің меншігінде болмауы тиіс.

Бүгінгі таңда қаладағы ауыз су жүйлерінің 78 пайызы жекенің меншігінде. Оны кезінде қала әкімі болған азамат басқарып келеді. Депутаттар стратегиялық нысан жеке адам үшін қызмет етіп жатқандықтан үш мегаполстің ішінде әлі күнге ауыз судың ең қымбат тарифі Шымкентте деп санайды. Яғни Алматыдан 2 есеге, Астанадағыдан 1,5 есеге көп. Сондай-ақ сарқындыларды тазарту сапасы нашар,-дейді олар.

Бақытжан Позилов, мәслихат депутаты:

Мемлекет бақылауына өткен жағдайда оны тазалау, дезинфекциялау жұмыстары анағұрлым тиімді болады.

Жергілікті билік пен депутаттар сондай-ақ мекеменің .табысы мен шығынында да күмәнді жәйттар бар деп отыр.

Талғат Балтабаев, мәслихат депутаты:

2020-2022 жылдар аралығында кіріс 32 миллиарды құраса, шығын 38 миллиард. Бізде сондай ресми деректер бар 40-қа жуық жылымайтын мүлік алған. Оның барлығын водоканал табысынан алды ма, әлде өз қалтасынан алды ма?

Монополист мекеме басшысы мұнымен келіспейді. Айтуынша компания жыл сайын табысының 41 пайызын желілерді жаңартуға жұмсап келеді. Соның нәтижесінде биыл су тазарту нысаны іске қосылғалы отыр. Ал тариф еліміз бойынша ең төмен бағада және оны бекіту біздің құзырымызда емес, яғни қоғамдық тыңдау мен монополияға қарсы құрылымның мақұлдауынан кейін ғана бекітілетінін айтады.

Анарбек Орман, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС директоры:

Субсидия өз мақсатында жұмсалмады деген орынсыз айып. Кім тексерді бізді. Республика бойынша судың ең төмен тарифі бізде. 48 теңгені құрайды. Кім айтады қымбат деп. Айтып көрсінші.

Су тарату мекемесінің қазір банкке 12 миллиард теңге қарызы бар. Ал мүліктерінің 54 пайызы сол үшін кепілдікке алынған. Компанияны мемлекетке қайтарып алу үшін қала әкімдігі сотқа арыз түсірді. Оның ендігі тағдыры судьяның шешімінен соң белгілі болмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу