Астанада масаға шағымданғандар қатары көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада масаға шағымданғандар қатары көбейді

23.09.2024

Жаз бітті. Бірақ Астанада масаға таланған жұрттың қарасы көп. Шаққан жерін шоқпардай қылып ісіріп жіберетін уытты жәндіктерден әсіресе балалар зардап шегіп жатыр.

Елорда тұрғыны Гүлден Төкішованың 3 жастағы ұлын маса талап, шаққан жері ісіп кеткен. Баланың мазасы болмай, амалсыз дәрігерге апарып ем қабылдапты. Соның өзінде бір аптада әрең қалпына келген.

Гүлден Сержіанқызы, қала тұрғыны:

Былтыр да баламды маса шаққан болатын. Бірақ біз ол уақытта баланы маса немесе жәндік немесе шіркей шаққанын білген жоқпыз. Бірақ биыл саябақта ойнап жүрген кезде маса шаққан себептен басы ісіп кеткен. Бұрын маса шаққанда бұлай іспейтін еді, қазіргі масалардың уыты күшті ме білмедік.

«Қазіргі масалар уытты ма?» дегеннен шығады, тұрғындар арасында «Дәрі себілген маса шақса осылай болады екен» деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ дезинфекция жүргізетін компания өкілі қансорғыштарға шашатын химиялық препараттың еш зияны жоқ деп отыр.

Аманкелді Ешмұхаметов, сапаны бақылау жөніндегі маман:

Химиялық препарат «Агран» деп аталады. Бұл 4 кластық қауіпсіздігі бар препарат қатарына жатады. Теріге әсер ету үшін ол кем дегенде 1 шаршы метрге 2,5 литрдей препарат тисе ғана сондай жауап беруі мүмкін. Оының өзінде ол бір рет емес, бірнеше рет болған жағдайда ғана пайда болады. Сондықтан препарат тиіп, одан кейін ол адамды шақты деген шындыққа сәйкес емес.

Ал аллерголог мамандар «Маса шаққаннан кейін қатты ісіну әр адамның жеке иммунитеті мен тамақтану тәртібіне байланысты, оның қандай да бір химиялық қоспаға қатысы жоқ» дейді.

Рустам Әжібаев, аллерголог:

Маса шаққан жердің қатты ісіп кетуі бұл баланың организміне байланысты. Оның масаға қарсы химиялық дәріге қатысы жоқ. Әдетте ағзада гистамин көп болған жағдайда осылай болады. Бұдан бөлек витамин жетіспеген, чипси, тәттілер мен қуырылған тағамдарды жиі жейтін балаларда кездеседі.

Серік Жұмабек, тілші:

Маса шақса дәрігер берген емді қабылдау жеткілікті, оған бола алаңдап, байбалам салудың қажеті жоқ. Керісінше, баланы күн көзіне көбірек шығарып, с витаминін беріңіздер», - дейді мамандар. Естеріңізге салайық, ұсақ жәндіктерді улау жұмыстары қыркүйектің соңына дейін жалғасады.


Хабарламаларға жазылу