Жұмада Маңғыстау облысында тағы бір мектепте улану фактісі жайлы ақпарат шықты. Бейнеу ауылында. 16 оқушы шағымданған. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы «сапасы нашар судан» деп топшылаған. Кейін жергілікті атқарушы билік судан да емес, тамақтан да емес деді. Сонда неден?
Ал бір аптадан астам уақыт бұрын осы облыстың Босшоқы ауылында 460 оқушы уланғанын естідік.
Жалпы бұл оқиға мектеп асханаларына қатысты бұрыннан бар алаңдаушылықты оятты.
1. Балаларға тамақ беретіндер қандай критериймен таңдалады? Әрі қарай білгің келетін мәселе – асхана бизнесіндегілердің өздері азық-түлікті қайдан алады? Ұсынатын ас-ауқаттың сапасын бақылау-қадағалау тетіктері қандай? 2. Егер адам басына бөлінетін қаржы аздық етсе, ыстық тамақ ұйымдастырудың мағынасы бар ма? «Ыстық тамақ беріледі» деген есеп үшін істелген қанша тамақ рәсуә болып төгіліп те жатады. Себебі жеу мүмкін емес. Әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасылардың балаларына бола береді деген жымысқы ой жатқандай ма? Кешіріп қойыңыз, болмайды!
Онда мүмкін жүрек жалғайтын асхана ұйымдастыру керек шығар? Нанға жағылған май, жұмыртқа, білмеймін, әйтеуір тамақтан өтетін тамақ. Иә, ештеңе ұнамайтын кірпияз балалар да бар. Бірақ бұл басқа әңгіме.
Тамақтандыру орындары, оның ішінде мектеп асханалары ылғи қадағалайтын жер. Оларды шағын бизнеске жарияланатын дүркін-дүркін мораторий аясында тексермеу миға сыймайды. Раушан Сайлауқызы талдайды.
Асханаға келіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Бұл жағдай маңғыстаулық ата-аналарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды алаңдатып қойды. Өйткені бір емес 466 баланың астан улануы бұрын-соңды болмаған. Оқушылардың 100-ге жуығы ауруханаға жатып, екі бала жан сақтау бөліміне түсті. Абырой болғанда жағдайлары жақсарып, беті бері қарады. Бір баладан өзгесі үйіне шықты. Қазір қылмыстық іс қозғалып, балалардың неден уланғанына сараптама жүргізіліп жатыр.
Дәл осы асханада жұмыс істеген кәсіпкер Дәметкен Шәкеноваға қатысты түрлі айыптаулар да шығып жатыр. Бір емес, бірнеше мектепте кәсібін жүргізіп, млрд-тап табыс тапқаны айтылады. Дегенмен кәсіпкердің де айтары бар-ау деп қоңырау шалғанымызбен, жөнді жауап ала алмадық. Тұтқаны қоя салды. Мұнайлыдағы жағдайдың түзелгені сол еді. Бейнеуда тағы 16 бала уланды.
Бекболат Ізбасаров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Зерттеу ем тағайындалғаннан кейін барлық балалар үйіне қайтарылды. Балалардың жағдайы бірқалыпты.
Енді еліміздегі барлық мектеп асханалары жаппай тексеріледі.
Үкімет басшысы осындай тапсырма берді. Бұл бір ғана мектептің проблемасы емес, кешенді мәселе. Астананың өзіндегі жағдай мәз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын елордадағы 84 мектепті аралап шыққан Тұрсын Жағыпарова осылай дейді.
Тұрсын Жағыпарова, Республикалық тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:
Сол 84 мектептің бәрінде заң бұзушылық анықталды. Бірінші, алған көкөністің сапасыздығы. Екінші, алған көкөніс пен еттің құжаты жоқ. Одан кейін пісіріп жатқан қазандары тым ескі. Одан кейін ірімшік дейді, ірімшік емес ірімшік өнімін алып жатыр. Ыдыс жуатын адамда санитарлық кітап болмады. Тамақтарды өлшеп көрдік. Салмағы жетпейді.
Белсенді ата-ана Татьяна Коршунова да әлеуметтік желіде талай былықтың бетін ашты.
Татьяна Коршунова, Ата-аналар қауымдастығының мүшесі:
Дәмсіз тағам, салмағының аз болуы, тауарлардың қымбаттығы, тазалықтың сақталмауы, тізе берсем, өте көп. Мектептеріміз үш ауысымда оқып жатқанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейтін сияқты. Меніңше балаға қатысты бизнес түрін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кез келген уақытта келіп тексеруі керек.
«СЭС» десе сескенетін кәсіпкердің бұл саладағы жұмысы бақылауда ма? Бұл сауал бізді де алаңдатқаны рас. Сонымен, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері, мектеп асханаларын қашан тексердіңіздер?!
Батима Айтпаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
Балалардың тамақтануына, профилактикалық бақылау жүргізіледі.
"Бақылау жұмысының нәтижесін айтсаңыз" деген сауалға министрлік өкілі тағы іркіліп қалды.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл саланың назардан тыс қалғанын ашық айтты.
Гүлшарат Қожатова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
Мораторийге байланысты мектеп асханалары соңғы төрт жылда тексерілген жоқ. 90 пайыздан астамы арендаторлар.
4 жыл бойы тексеру көрмеген асханалар қандай күйде екен? Мораторий деп, кәсіпкер де, министрлік те босаңсыған тәрізді. Жағдайдың неге ушыққанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Министрліктердің тек шағым түссе ғана шарқ ұрып, дабыл қағатын әдеті бар. Мәселен, былтыр асханаға қатысты 31 арыз түскен. Оның 26-сының айыбы дәлелденіп, 8 млн-нан астам айыппұл салынды.
Тұрсын Жағыпарова, Республикалық тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:
Бүгінгі күні балаларды тамақтандыру бұл - кәсіп. Олар пайда көріп жатыр. 144 млрд теңге бөлінеді мемлекеттен. 1 млн 700 мың баланы тамақтандырады. Ол бөліп жатқан ақшаның балаларға пайдасы тиіп жатқан жоқ. Мемлекеттен келген ақша жуындымен кетіп жатыр.
Сонымен, асханадағы астың жағдайы туралы сәл кейінірек. Алдымен бұл кәсіптің қалай ұйымдастырылатынына тоқталайық. Ел бойынша 78000 кәсіпкер тамақтану саласында жұмыс істейді. Оның 10 пайызы асханаларға жауапты. Әуелі олар мемлекеттік сатып алу порталына өтініш береді.
Серік Әділбаев, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Білікті мамандар мен жасақтануы. Бұл салада 7 жылдан кем емес тәжірибесінің болуы және санитарлық талаптар.
Тендерді ұтса, мектеппен 1 жылға келісімшарт жасалады. Осы аралықта ескерту алып, АКТ толтырылмаса, келісім тағы 3 жылға ұзарады. Сонымен келісім жасаған кәсіпкер қалай жұмыс істейді? Көзбен көру үшін елордадағы №85 мектепке бардық. Түсірілімді әуелі тауар қабылдау алаңынан бастадық.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мінекей асхананың аумағына көкөністер келді. Дәл қазір осы асханада жұмыс істейтін Ақерке Кенжеқызы тауарларды қабылдап жатыр. Тауарлардың сапасын қалай тексересіздер?
Ақерке Кенжеқызы, кәсіпкер:
Тауар әкелген кезде 2 маңызды құжат бар. Ол, біріншіден, экспертиза актісі және сертификат. Экспертиза актісі әр келген тауарға беріледі. Сертификат бір жылға. Онсыз тауар қабылданбайды.
Ақерке Кенжеқызының бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар. Осындай 3 асханаға жауапты. 5-6 компания дәл осылай өнімдерін жеткізеді. Сонымен, әр тауардың құжаты мен сапасы тексерілді. Ешқайсысы қайтарылған жоқ. Арнайы сақталатын қоймаларға жеткізілді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Әр өнім жеке-жеке сақтала ма? Неше қойма бар?
Ақерке Кенжеқызы, кәсіпкер:
Тауарлық сәйкестік міндетті түрде сақталуы керек. Мысалы, ет пен сүт, ет пен ірімшік болмайды. Мына жерде жарма өнімдері жеке тұрады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ең қауіпті, мерзімі өтіп кететін тағамдар ол ет пен сүт екені белгілі. Сүт пен етті қайда сақтайсыздар?
Ақерке Кенжеқызы, кәсіпкер:
Жеке қоймада сүттің тоңазытқышы бар.
- Мерзімін көрсек бола ма?
- 18-іне дейін деп тұр. Алты күнге жарамды, алты күнде мұның бәрі таусыла ма?
Ірімшік пен майдың да өндірілген уақытын көрдік. Мерзімі өтпеген, табиғи өнім. Ары қарай ет өнімдерін сақтайтын қоймаға келдік.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ет салқындатылған болу керек деп айтады.
Ақерке Кенжеқызы,кәсіпкер:
Біз мұздатқышқа қоямыз. Керек кезде шығарып, тоңазытқышқа қоямыз. Белгілері бар. Етті аптасына үш рет аламыз.
- Ет өзіміздің отандық өнім бе? Шетелден қатырылып келген ет емес пе?
- Отандық өнім, өзіміздікі.
Қойманы аралап шыққан соң, ас даярлайтын аумаққа келдік. Ыдыстар мұнтаздай таза, құрылғылар жаңа, аспаздар арнайы киіммен жүр. Мін табу қиын. Әрине біздің келетінімізді алдын-ала білген соң, кемшіліктің болуы да мүмкін емес еді. Бүгінгі мәзірді қарап, тағамның салмағын өлшеп көрдік.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мінекей тағамды өлшедік. 180 граммнан асып тұр. Салмағы түсінікті, сапасына қалай мән бересіздер?
Ақерке Кенжеқызы, кәсіпкер:
Біріншіден, сапалы азық-түлік алынуы керек. Екіншіден, ол дұрыс сақталуы тиіс. Үшіншіден, күнде жаңадан дайындалуы қажет. Мектептің медбикесі бар. Күнде таңертең келеді, тексереді, дәмін көреді. Содан кейін ғана бізге рұқсат беріледі. Балаларға береміз бе, бермейміз бе?
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Орташа баға бір балаға 800 теңге, ол бір баланы тойдыруға жете ме?
Ақерке Кенжеқызы, кәсіпкер:
Қазір нарық тұрақсыз, бүгін мынадай, ертең басқаша бағамен, сондықтан жете ме, ол қиын сұрақ.
- Үнемдеу үшін арзан тауарлар аласыздар ма?
- Жооқ. Біз осы нарықта өзін жақсы көрсеткен жеткізушіден аламыз. Мүмкіндігінше өндірушілерден аламыз.
Ал күнделікті мәзір мен мұндағы тауар бағасын әр өңірдегі білім басқармасы бекітеді. Мәселен, 0,5 литрлік сулар 300 теңгеден, бәліш пен пиццалар 250-ден басталады.
Асханадағы тағам сапасын медбикемен қатар, аптасына 2 рет ата-аналардан құрылған брокераждық комиссия да бақылауы тиіс. Олар ас сапасын тексеріп, мониторингтік топ мүшелеріне жеткізуі шарт. Алайда комиссия жұмысы да көңіл көншітерлік емес.
Ләззат Бақтыбаева, облыс бойынша мониторингтік топ мүшесі:
Жарамды, дайын екенін растап, балаларға беру бойынша брокераждық журналға қол қою керек. 2023 жылы мониторинг жүргізу барысында ондай жұмыстардың комиссия тарапынан жасалмай жатқанын анықтадық.
Елдегі 1 млн 700 мың бала тегін тамақтанады. Бірақ, 403 мектепте асхана жоқ. 196-сы тамақты тасымалдайды. 207-сінде буфет бар. Ал қалған 7500 мектепте асхана жұмыс істейді. Бір кәсіпкер бірнеше мектепті қамтып отырған жағдайлар да аз емес. Мәселен, Астананың өзінде 19 кәсіпкер 110 мектепте кәсібін жүргізіп отыр.
Тұрсын Жағыпарова, Республикалық тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:
Бір кәсіпкер 10-15 мектепті алады. Ол дұрыс емес, заңға өзгеріс енгізіп, бір кәсіпкерде бір ғана мектеп болу керек. Сол мектепке, сол мектептің тағамына көңіл бөлетіндей.
Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бір компанияның неше мектепте тендер ұтып алу мүмкіндігін шектеуге байланысты өзгерістер енгізу қажет. Бұл ретте азық-түлік өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі және сақтау мерзіміне байланысты талаптар қатаң сақталуы тиіс. Жауапты органдар мектептерге жеткізілетін барлық тағам өнімдерінің сертификатталуын және олардың сапасын жүйелі түрде тексеруді қамтамасыз етуі тиіс.
Ел бойынша әр балаға бөлінетін орташа қаражат құны 631 теңге. Кәсіпкерлер қауымдастығы бағаның төмендігі мен мәзірдің жүйелі құрылмағанын айтады.
Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы:
Мәзірді дұрыс құру керек. Мысалы, қызанаққа көп баланың аллергиясы бар. Көп дүние ескерілмеген. Кей өңірлерде бір балаға 500 теңге қарастырылған, оған баланы тойдыру мүмкін бе? Тағы бір мәселе. 7 жыл тәжірибесі болу керек деген талап бар. Барлық кәсіпкерлерге теңдей қатысуға мүмкіндік беру керек. Қазір креативті жас кәсіпкерлер өте көп.
Еуропада тек Швеция, Финляндия мен Эстония мектептерінде ғана балаларға тегін тамақ береді. Тағы бірнеше елде тұрмысы төмен отбасылар қамтылады. Қалған 40-қа жуық елде тегін тамақ деген ұғым жоқ. Асхана тек ақылы қызметте жұмыс істейді.
Лейла Аюби, Брюссель қаласының тұрғыны:
Мұнда мектепте тегін тамақ ешқашан болған емес. Мектепте ыстық тамақ та, тіскебасар жеңіл-желпі бутербродтар - бәрі ақылы. Оның үстіне қымбат. Сондықтан, баланың қорабына жеміс-жидек, көкөністерді, нанға май жағып өзіміз үйден салып береміз. Кейде үйден тамақ істесем, оны суып қалмас үшін изотермиялы ыдысқа салып беремін.
Тұтынушылар құқығын қорғап жүрген Тұрсын Жағыпарова асхана жұмысын бақылайтын, бірақ еш ұйымға бағынбайтын қауымдастық құру керек дейді. Одан соң кәсіпкерлер тек отандық өндірушілерден тікелей алатын жағдай жасалу қажет. Әр қалада бір комбинат ашып, тамақты бір ғана жерде әзірлейтін мүмкіндікті қарастырып көру керектігін де ұсынып отыр.
Тұрсын Жағыпарова, Республикалық тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:
Еттің, майдың, көкөністің арзанын алады. Ондай тамақтың болғанынан, болмағаны артық.
Арзанға жүгіріп, астан уланғанша, Еуропадағыдай тек ақылы қызмет көрсету керек пе? Бірақ әлеуметтік жағдайымыз оған келмейді. Бәлкім нанға май жағып, банан ұстату дұрыс шығар? Бұл енді билік пен бизнес иелерінің ендігі қадамына байланысты. Не болса да, мектеп асханалары бір жағы тамақты текке төкпейтін, екінші жағынан, "уланып қалмай ма?" деп қорықпайтын асхана болуы керек.
Раушан Сайлауқызы