Елде энергияға сұраныс артып келеді. Жыл сайын 115 миллиард киловатт сағат энергия жұмсалса, шамамен 3 миллиард сағат қуат жетіспейді. Оны көрші елдерден тасымалдаймыз. Гидро және жылыту электр орталығы ең көп шоғырланған Шығыс Қазақстанның өзінде 1 миллиардқа жуық киловатт сағат электр жетіспейді.
Өндіріс қуаты өскен сайын энергия да көп жұмсалады. Ал соңғы жылдары салынған стансалар тұтынушыға қажет қуатты бере алмай отыр. Тіпті Алматы, Шымкент қаласы және Түркістан мен Қызылорда облысы былтыр 2 миллиард сағат қуатты көрші елден тасымалдады.
Аян Заманбеков, ҚР Энергетика министрлігі электр энергиясын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
Статистика бойынша өткен жылы бізде тұтыну 115 млрд болса, квт/сағатына, өндіру 112 млрд квт/сағ. Оның бірден бір себебі, экономиканың өсуі жаңа өндіріс орындарының ашылуы, тұрғындардың электр энергиясын тұтынуының артуы.
Тұтыну барлық аймақта артып келеді. Қазір шығыстағы 5 гидростанса мен 3 жылыту электр орталығы жылына 5 миллирад киловатт сағат энергия өндіреді. Бірақ мұның өзі аздық етіп тұр.
Нұрлан Рамазанов, ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
70 пайыз электрэнергия гидро стансаларда өндірілетіндіктен судың көлеміне байланысты. Жыл сайынғы. Сондықтан біздің Шығыс Қазақстан облысында көктемгі жазғы айларда электр энергияның молшылығы байқалады. Энергияның тапшылығы атап айтсақ былтырғы жылы бізде 800 миллион сағат электр тапшылығы болды.
Бүкіл ел бойынша бүгінде энергия өндіретін ірілі-ұсақ 222 станса бар. Осы стансаларда жалпы қуат көзінің 66 пайызы көмірден, 22 пайызы газдан, қалған 12 пайызы гидро және күн мен желден өндіріледі. Бірақ бұл энерго нысандардың 65 пайызы ескі. Қазір 3 миллиард сағат қуат тапшы болса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 13 миллирадтан асуы мүмкін.
Олжас Керейхан, тілші:
Басқа салаларға қарағанда энергия 30 пайыз ілгері дамып отыруы тиіс. Өйткені энергетикасыз экономиканың қай саласы да дамымайды. Ал барлық бағытта дамыған елдер үздіксіз қуат беретін технологияға көшкен. Ол жел, күн, және атом электр стансасы. Ал Қазақстанда осы үш бағыттың бәрін дамытуға табиғи ресурс жеткілікті.
Олжас Керейхан