Елімізде енді әуе билеттерінің барлығы қайтарымды болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде енді әуе билеттерінің барлығы қайтарымды болуы мүмкін

04.09.2024

Елімізде енді әуе билеттерінің барлығы қайтарымды болуы мүмкін. Яғни жолаушы ұшпай қалса, ақшасы қайтпай қалады деп уайымдаудың қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Мұнда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. Әрі құжатқа сай елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен пайда болмақ.

Жаңа сессия. Жаңа зал. Алғашқы жалпы отырыс. Қаралған заң жобасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы. Бұл құжатты әзірлеуді президент үш жыл бұрын тапсырған еді. Өйткені қолданыстағы заң әбден ескірген. Қарапайым тұтынушыларды қорғаудан гөрі, әлдебір компаниялардың мүддесін қорғайтындай дейді депутаттар.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Азаматтар айтады. Бизнесті қолдайтын заңдар көп. Бірақ бізді тұтынушыларды қорғайтын заңдар аз. Біз кімге барамыз, кім қолдайды, кім қоштайды?
Содан болар. Елде қандай бір тауар немесе қызмет түріне көңілі толмайтын азаматтар көбейіп барады. Арыз саны соңғы үш жылда үш есе артқан. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігі заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп, құжатты министр Арман Шаққалиев парламентке алып келді. Айтуынша елде енді тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын омбудсмен пайда болады. Әрі көңілі толмаған клиенттер құқығын қорғау үшін сабылып жүрмейді. Дауларды реттеу көп сатылықтан екі сатылыққа ауысады. Ақшасы қайтарылатын тауарлардың тізімі де артпа түспек.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Қайтаруға жатпайтын тауарлар тізімінен медициналық бұйымдар ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары алынып тасталды. Әуе билеттерін сатып алу және туристік қызмет көрсету шарттары бойынша 100 пайыз қайтарылмайды деген ұғым алынып тасталды.
Яғни  «қайтарымсыз турпакет», «қайтарымсыз билет» деген болмайды. Жолаушы ұшпаса, ақшаның бір бөлігі міндетті түрде қайтарылуы тиіс. Ал депутаттардың айтуынша азаматтардың құқықтары көбіне маркетплейстер мен әуе қызметтерін алу кезінде бұзылады. Басынан өткен оқиғаларына дейін мысал еткен Бақытжан Базарбек әбден есірген әуе компанияларын сабасына түсіруді талап етті.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бассыздығы мына заңсыздығы былықтарының кесірінен халық азаматтар шаршады. Мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке орай мына билеттерді қайтармайды. Не рейстерді кейінге қалдырады. Ең сорақысы мүгедектігі бар азаматтар мен жасөсіпірімдерді рейстен қалдырып отыр.
Ұшақпен жиі ұшатын Ринат Зайытов та әуе компанияларына өкпелі.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бір сағат кешігеді, екі сағат кешігеді қайта-қайта телефон соқсаң ана жақта сөйлейтін бас отырады мен ештеңе шешпеймін білмеймін дейді. Енді басқармаң қайда кіммен сөйлесеміз десек, сіздер олармен сөйлесе алмайсыздар дейді. Бұл не сұмдық.
Бұл сұмдықпен күресу үшін құзырлы министрлік қолдан келгенді жасап жатырмыз дейді. Алдағы уақытта жолаушылардың жоспарын ғана емес, көңіл-күйін бұзғандарды да жазалаймыз деп отыр.

Сәтжан Әблалиев, ҚР Көлік министрінің орынбасары:
Рейстерді кешіктіргені үшін енді тек қана әуекомпаниясы ғана емес, әуежайлардың да жауапкершілігін қарастырып жатырмыз. Өйткені кейде әуежайлардың да дайындығы болмай қалған жағдайлар бар. Және мүгедек адамдар мен балаларға, жүкті әйел адамдарға дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұлдар салу пакеті дайындалды. Және осындай айыппұлды әуе компаниясының басшысы мен әуежай басшысына салуға қатысты да түзетуіміз бар.
Ал айтыскер депутат Аманжол Алтай ұшаққа домбырамен кірерде қиындыққа тап болатынын атады. Аспанға ұлттық аспаппен көтерілуге жағдай жасалуы керек деді.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазақтың қасиетті қара домбырасы ол қатардағы жүк емес. Біздің ұлттық құндылығымыз. Бүгінгі таңда осы қасиетті домбыраға қалай болса солай қарау біздің намысызға тиеді. Сондықтан әбден тайраңдап кеткен әуекомпанияларын қашан тәртіпке шақырасыздар?
Досжан Маратұлы, тілші:
Көлік министрігі өкілінің айтуынша қазір бұл мәселе әуе компанияларымен бірге жан-жақты талқыланып жатыр. Көп ұзамай қол жүгін тасымалдау шарттарына өзгерістер еніп қалуы да мүмкін дейді. Ал Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы бүгін бірінші оқылымда мақұлданды. Әлі екінші оқылым, кейін Сенаттың мақұлдауы мен президенттің қол қоюы бар. Сондықтан бәрінен мүдірмей өтіп, қабылданып жатса ғана күшіне енбек.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу