Алматыда 8 мыңға жуық студент жатақханадан орын ала алмай, пәтер жағалап кетуі мүмкін. Бұл тізімге ақылы бөлімге түсетін талапкерлерді қосыңыз. Жаңа оқу жылы басталса, алып шаһарда баспана бағасы шарықтай түседі. Студенттердің мәселесі қалай шешіледі? Шаһарда жатақхана тапшылығын жою мүмкін бе? Айдана Қуантхан тарқатсын.
Арыслан – соңғы курс студенті. Үш жыл жатақханада тұрып келді. Биыл тізімге ілінбей қалам ба деп алаңдаулы. Себебі пәтер жағалап оқу оқыған топтастарының жағдайын жақсы біледі.
Арыслан Асыланұлы, студент:
Жолға 2-3 сағаттан құртады. Уақыттан ұтылады. Пәтер бірден табылмайды. Оның депозитімен гаранты бар. Айына 60-70 мың теңге төлейді.
Қазір еліміз бойынша 27 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Оның 10-ы пайдалануға берілді. Соңғы жылдары жатақхана тапшылығын шешуде жеке кәсіпкерлер де көмектесіп келеді. Шаһардағы университеттер 26 хостелмен келісімшартқа отырған.
Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
ЖОО жеке меншік әріптестік саласында салынған жатақханалармен бірінші кезекте жұмыс жасаңыздар деп отырмыз. Әрине Алматы қаласы бойынша тапшылық болғандықтан, жеке меншік хостелдермен келісім шартқа отырып жатқан университеттер болады. Бірақ ол жерде ең бірінші талап студент жастардың тұруы.
Бүгін арнайы комиссия еліміздегі ірі оқу орындарын аралап, жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Соның бірі - «ҚазҰУ қалашығы».
Себебі осыған дейін қоғам белсенділері университет жатақханаларының тым ескі екенін, көптен жөндеу көрмегенін айтып, мәселе көтерген.
Айдана Қуантхан, тілші:
55 жыл бұрын салынған жатақханада қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы 20 жыл бұрынғы есіктер ауыстырылып, су, жылу құбырлары түгел жаңартылыпты.
Алматыда 199 мыңнан астам студент бар. Оның 124 мыңы өзге өңірден келген. Биыл тағы 30 мың грант иегері шаһардағы ЖОО таңдаған. Әлі ақылы бөлімге келетіндер қаншама. Ал тұратын жер таппаған студенттерге 30 адамдық «дағдарыс орталығы» жұмыс істейді. Оны баспана тапқанша паналауға болады. Шама келгенше, білім іздеп келген талапкерді далада қалдырмаймыз, - дейді жауапты министрлік.
Айдана Қуантхан