Алаяқтар алдаудың тың тәсіліне көшкен. Енді WhatsApp желісіндегі сіздің дауысыңызбен жазылған аудиохабарламаны қолданып, жақындарыңызды тақырға отырғызуы мүмкін. Олар ауруханаға түстім, қаржыдан қатты қысылып тұрмын деп түрлі сылтау айтып, құрығына түсіреді. Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр 21 мыңнан астам қазақстандық алаяқтардың құрбаны болған. Олардың дені – алматылықтар.
71 жастағы Райхан апаның аудиохабарламасын пайдаланып, қызы Мәдинаға белгісіз біреулер хабарласады. Анасының даусын ажырата алмаған ол әккілер жіберген сілтемені ашып, өзінің деректерін толтырады. Сөйтіп алаяқтар қызының атынан 5 млн теңге несие рәсімдеп жіберген.
Райхан Үкібаева, қала тұрғыны:
Менің отбасыма, балаларыма алаяқтардан қоңырау келіп жатыр. Біреуі болмаса да, біреуі ұсталып қалуы мүмкін ғой.
Мамандар жалған сілтеме жіберіп, фишингтік сайттарды жасау үшін көп уақыт пен ақша кетпейді, кәнігі хакер болу да міндетті емес дейді. Олардың көбейіп кеткенін де мойындап отыр. Ал оған тап болмас үшін сайттың негізгі доменіне мұқият болу керек. Ең дұрысы өз қолыңмен теріп жазған жөн.
Алмаз Әбитбек, ҚР ҚНРДА Ақпараттық және киберқауіпсіздік департаментінің бас маманы:
Қаржы нарығындағы банктерді қайталайтын фишингтік сайттармен мониторинг жүргіземіз. Егер фишингтік сайт Қазақстан сервисінен тыс болса, халықаралық ақпараттық қауіпсіздік ұйымының мүшесі болып табыламыз. Біз шекаралық регистарттарға басқаша айтқанда домендерді тіркеу ұйымдарына тікелей хабарлама беріп, тікелей бұғаттауға құқығымыз бар. Яғни, еліміздегі және Қазақстанның сыртындағы сайттармен жұмыс істей аламыз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Оңай олжаға белшесінен батқысы келетіндердің айласы сан алуан. Мәселен, сіздің осылай суретіңізді пайдаланып, жақындарыңыздан ақша сұрайды. Алдымен сыпайы сөйлеседі, әбден сенімге кірген соң, жағдайын айтып, айласын асырады.
Виртуалды әлемді игі мақсатқа емес, арам пиғылда қолданатындар шетелде жүріп те хабарласады. Сондықтан олардың санын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал биылғы жарты жылда елімізде 12 мыңға жуық адам алаяққа алданған.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Жыл басынан бері Алматыда 1300-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Көбінесе 25-65 жас аралығындағы адамдар, тіпті 70-тен асқан адамдар да болды. Бұл негізі егде жастағы адамдарға бөтен біреуден қоңырау шалып, сіздің туыстарыңыз жол-көлік оқиғасына ұшырады, қазір операция жасау үшін қомақты сумма керек дейді.
Қазір алаяқтарды анықтайтын WhatsApp бот ашылды. Егер қоңырау шалған немесе хат жолдаған нөмірге қандай да бір күдік туындаса, WhatsApp ботына жібересіз. Десе де, мамандар жеке нөмір мен банк деректерін өзге адамға беруден аулақ болуға кеңес береді.
Айдана Қуантхан