Қайрат Боранбаевқа тиесілі мұнай компаниясы мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайрат Боранбаевқа тиесілі мұнай компаниясы мемлекетке қайтарылды

01.08.2024

Қаржы министрлігі 35 млрд теңгеге бағаланған бұл кәсіпорынды енді аукцион арқылы сатпақ. Заңсыз алынған активтерді елге қайтару жалғасып жатыр. Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы комитет биыл 325 миллиард теңгенің дүниесін елге қайтарды. Тәуелсіздік алған жылдан бері елімізден кемі 160 миллиард доллар шекара асқан. Бұл - Тәуелсіз сарапшылардың есебі. Яғни, Ұлттық қордың қаржысынан үш есе көп. Ал қомақты ақша түрлі офшорларда жасырылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі банк шоттарында жатуы мүмкін. Бұл активтерді түгел қайтару үшін алдымен қаражаттың қандай жолмен шетел асқанын түп-тамырымен анықтап алу қажет, - дейді сарапшылар.
Мақсат Халық, экономист:
Бүгінде әлі күнге дейін тау-кен саласындағы шикізат секторындағы көптеген компаниялар, түрлі-түсті металдар сататын, солар негізінен әлі де, шикізат бағасын төмен бағада белгілеп, табысын аз ғып көрсетіп, салықты аз төлеп, шетелдік нарыққа шыққаннан кейін оны қымбатқа сатып, сол жерден көп қаражат тауып отырғандар бар. Демек, әлі де шетелге активтер кетіп жатыр деген сөз.
Жалпы осы уақытқа дейін 1 трлн 700 млрд теңгенің активі елге қайтарылған. Оның 325 млрд-ы мемлекет меншігіне биыл өтті. Оның ішінде ақшадан бөлек, акциялар, 13 мың гектар жер телімі, бағалы зергерлік бұйымдар және ғимараттар бар. Көбі Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктерінен қайтарылған. Бұл активтердің көлемі тағы еселеп артуы мүмкін. Себебі Бас прокуратура жанынан құрылған комитеттің күдігіне ілігіп, комиссияның қарауына жіберілген олигархтардың тізімі ұзын, -  дейді мамандар. Ал қайтарылған қаражат мектеп салуға ғана емес, барлық салаға бағытталады.
Жаннұр Ахметбек, ҚР БП активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мониторинг жүргізу басқармасының басшысы:
Бірқатар субъектілер өз қаражаттарын еліміздің экономикасына өз еркімен құюға келісіп, осындай міндеттеме алған. Ондағы келісім бойынша бүгінгі күнде 35 млрд теңге жуық инвестициялық және әлеуметтік жобалар іске асырылуда.
Дегенмен ұрланған ақшаны қайтару бір күндік не бір жылдық шаруа емес. Оған біршама уақыт қажет. Ал заңсыз активтерді қайтару туралы заң лауазымды тұлғалар мен олигархтардың байлығы қайдан келгенін анықтауға мүмкіндік береді. Тіпті олардың ет жақындары мен қол астындағы қызметкерлердің дүние-мүлкі түгел тексеріледі. Яғни бірде-бір адам жауапсыз қалмайды, -  дейді жауаптылар.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу