Ұлттық арнаның арнайы түсірілім тобы Франция астанасы Парижге жетті. Дүбірлі додадан 26 мыңға жуық БАҚ өкілі хабар таратады. Журналистер үшін Франция астанасында арнайы медиа орталық қарастырылған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесінің басталуына бірнеше күн қалды. Дүбірлі додадан хабар тарату үшін әлемнің 200-ден астам елінен БАҚ өкілдері келген. Солардың бірсыпарасы қазір мына арнайы медиа орталықта отыр. Олардың арасынд «Qazaqstan» ұлттық арнасы және «Qazsport» телеарнасының түсірілім тобы бар.
Аталған қос арна байрақты бәсекеден тікелей трансляция да жасайды. Яғни көрерменге тез әрі нақты ақпарат береді. Бұл - Олимпиадаға қатысып жатқан елдердің бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ мақсат.
Чибуогви Ннадиегбулам, журналист /Италия/:
Мен Италиядан келдім. Газетте редактормын. Қазір Ұлттық құраманың дайындығы, Париждегі атмосфера жайлы мақала жазып жатырмын. Спортшыларымыздан жеңіс күтеміз.
Туризм және спорт министрлігінің ақпаратынша, Олимпиададан 26 мың БАҚ өкілі хабар таратады. Бір қызығы, бұл - жарысқа қатысатын спортшы санынан екі есеге көп.
Роберт Ливингстон, журналист /Канада/:
Осы жолғы Олимпиада бұрынғылардан ерекше. Ашылу салтанаты бұрынғыдай стадионда емес Сена өзенінің жағауында өтеді. Эйфель мұнарасының түбінде волейболдан жарыс ұйымдастырылады. Сондай-ақ биыл бейкинг сынды бірнеше жаңа жарыс түрлері Олимпиадаға енгізіліп отыр. Біз сияқты журналистерге соның бәрін көзбен көрген қызық.
Париж соңғы рет Олимпиада ойындарын 1924 жылы қабылдаған. Міне араға 100 жыл салып әлемнің кіл мықтылары тағы осы қалада бас қосты. Осы жолғы Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын спорттың 25 түрінен 80 спортшы қорғайды. Тоқтала кететін жайт, біздің ұлттық құрама додадағы ең жас командалардың бірі. Дегенмен Эльмир Әлімжанов сынды егде жастағы, сондай-ақ өзінің үшінші және төртінші Олимпипдасына қатысып отырған Елдос Сметов пен Ольга Сафронова сынды спортшыларымыз да бар.
Нұрсұлтан Тілектес