Жамбылда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды

17.07.2024

Жамбылда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Үкімет қаулысымен жаңадан жасақталып жатқан жоғары оқу орны қазірдің өзінде талапкерлерді қабылдауды бастап кетті. Су саласының маманы боламын деген талапкерлер үшін 210 орынға мемлекеттік грант тағайындалған. Бұған дейін Тараз өңірлік университетінде факультет ішілік болған мамандықтар енді салалық университетте жаңа бағытта оқытылады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Су саласына қатысты су жаңа университетке түскісі келетін талапкерлердің қарасы қалың. Өз алдына отау тіккен оқу орнында 4 мыңға жуық студент оқитын болады. Ал оларға 250 оқытушы дәріс береді. Ендеше 27 жыл бұрын жабылған «Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты» қайта қанат жайды деуге болады.

Жаңа оқу ордасы 10 бағыт бойынша оқытады. Гидротехникалық құрылыс, елді мекенді сумен қамтамасыз ету, мелиорация және суармалы егіншілік және су ресурстарын басқару мамандықтарынан бөлек жаңа 6 бағыт бойынша білім береді.

Ғалия Омарова, Тараз өңірлік университеті су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры:

Оларды айтатын болсақ, су шаруашылығының экономикасы, су шаруашылығын механикаландыру, гидроэкология, су дипломатиясы, гидротехникалық мелиорация. Міне осы бағытта магистратура, бакалавриат бағыттарын да ашып отырмыз. Артықшылығымыз – төменгі 50 балл болса болды, бізге грантқа түсуге болады.

Сондай-ақ докторантура да бар. Тағы бір тың жаңалығы – мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істеген азаматтар профилдік магистратураға емтиханасыз қабылданады. Ал су саласын оқытатын университетті шетелден іздеген талапкерлер жаңа оқу орны Жамбылдан ашылғанына қуанышты.

Әмір Тұрар, талапкер:

Өйткені бұл су шаруашылығы Қазақстан үшін өте маңызды және қазіргі болып жатқан оқиғалар да осыған дәлел деп айтамын. Сондықтан мен осы су шаруашылығын таңдап отырмын. Алдағы уақытта грантты ұтып аламын деген ойдамын.

Ал су саласында еңбек ететін 74 жастағы ғалым Әдеубай Сейітқазиевтің айтуынша студенттер алқаптарды суаратын заманауи технологиялардың тілін білу керек. Сондықтан жаңа университет осы бағытқа басымдық беруі тиіс.

Әдеубай Сейітқазиев, профессор, техника ғылымдарының докторы:

Су техниктерін, жаңбырлатқыш машиналарды, оның темірлерін дайындайтын, солардың бәрін қосымша дайындайтын мамандықтардың бәрін қосалқы алып, су шаруашылығына керекті тетіктердің бәрін үйретуіміз керек.

Айта кетейік аймақта су саласы мамандықтары бұған дейін Тараз өңірлік университетінің құрамында оқытылып келді. Талай жылғы техникалық база тозған. Сондықтан жаңа ұжым құрылғылардың 90%-ын жаңартуды жоспарлап отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу