Әмір Омарханов: Алда әдемі ойын көрсетуге барымды саламын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әмір Омарханов: Алда әдемі ойын көрсетуге барымды саламын

16.07.2024

Астанада «Президент кубогы» халықаралық турнирі өтіп жатыр. Бүгін ел құрамасынан жекелей сында Григорий Ломакин мен Әмір Омарханов қарсыластарынан басым түсіп, алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Григорий Ломакин 1 сағат 12 минутқа созылған бәсекеде 6 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын алды. Ал 17 жастағы әлемнің 15-ракеткасы Әмір ресейлік Максим Жуковпен бірге өнер көрсетіп, 6:4 есебімен жеңді. Осылайша ол АТР әлемдік рейтингінде алғашқы төрт ұпайын жинады. Әмір Омарханов ертең жарыстың екінші айналымында грузиялық Саба Пурцеладзеге қарсы ойнайды. Халықаралық дода «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.
Әмір Омарханов, жасөспірімдер арасындағы әлемнің 15-ракеткасы:
АТР категориясындағы алғашқы турнирім болғандықтан жалпы бастамасы жақсы деп ойлаймын. Ұйымдастырушылардан шақырту алып, осы жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бүгінгі ойын тамаша өтті. Әрине қобалжыдым, маңызды жарыс болғандықтан бұл қалыпты нәрсе. Алда әдемі ойын көрсетуге барымды саламын. Мені қолдап Қарағандыдан да жанкүйерлерім келгенін байқадым. Бұл мені жігерлендіре түсті. 
«Президент кубогы» 23 жылдан бері өткізіліп келеді және кәсіби мамандар арасындағы еліміздегі ең беделді теннис турнирлерінің бірі. Биыл 25 елден 120 спортшы қатысып жатыр. Олардың ішінде талай әлемдік жарыста топ жарған спортшылар бар. Солардың бірі тілшімізге сұхбат берді.
Алафия Айени, америкалық теннисші: /ATP 490/
Турнирдің маңыздылығы мен үшін өте жоғары. Өзім 5 жасымнан бері теннис ойнаймын. Бұл менің кәсібім. Қазақстанға шамамен 5 жыл бұрын «Президент кубогы»  үшін келдім. Міне биыл да тартысты ойынға қатыстым. Маған жарыс ұнады. Ойыншылар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Мен қазақстандық теннисшілердің ойының үнемі қарап, бақылап жүремін. Олардың қазіргі көрсетіп жатқан жетістіктерін жоғары бағалаймын. 

Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу