Жетім балалардың тағдыры: Астаналық Әсел Амангелді Гарвардтан шақырту алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетім балалардың тағдыры: Астаналық Әсел Амангелді Гарвардтан шақырту алды

26.06.2024

Жетім балалардың тағдырдың тәлкегіне мойымайтын қайсарлығы мен өмірге деген құштарлығы тәнті етпей қоймайды. Осыдан 4 жыл бұрын Түркістан облысы Арыс қаласында ағайынды төртеу ата-анасынан айырылады. Жастайынан теперіш көрген балалар қиындықты қалай жеңді? Сынақтан сүрінбей келе жатқан өрендердің өмірі туралы Ақмаржан Ғафизқызы баяндайды.
Әсел Амангелді, Астана қаласының тұрғыны :
Сол кезде менде ешқандай арман-мақсат болмағанда мен өзімді жіберіп жіберетін едім. Менде бір ғана арман болды. Осы екі інімді аяғынан тұрғызып, осы екеуі сынбаса екен. Анамды есіме түсірсем қатты көңілім босап кетеді. 
Одан бері төрт жыл өтті. Әселдің анасы айықпас дертпен күресіп, жеңе алмады. Ал, әкесі коронавирустан көз жұмды. Амал қанша, аңғал балалар ес жиып, бірден есейіп кетті.
Әсел Амангелді, Астана қаласының тұрғыны :
Әсел әкеңнен айырылып қалдық деді. Сол кезде ішімде түрлі эмоциялар болды. Қалай енді ол әрі қарай папасыз, біз не істейміз? Бірінші орында мен екі інімді ойладым. Сол сәтте мен де, әпкем де бірден есейіп кеттік.
Үйдің үлкені ретінде бар жауапкершілік Ақеркеге жүктелді. Шынашақтай қыз мойымады. Болаттай бекем болды. Бауырларын жетілдіруге жігердің керегін түсінді.
Ақерке Амангелді, Әселдің әпкесі:
Бір күннің ішінде өзімізді жинап алуға мәжбүр болдық. Өйткені анамыз 24 сағат біздің қарауымызда болды. Ағайын-туыстарымызға үлкен рахмет. Сондай кездері біздің жанымызда болып. Опекунствоны мен өзім алдым. Бүкіл жерде мен мамасы сияқты жүрдім. 
Әке сөзі әмір. Бұл – балалардың сынуына емес, аяқтарына нық тұруына күш берді. Сол кезде қос інісі Ербол мен Нұрбол мектеп оқушылары еді.
Нұрбол Амангелді, Әселдің інісі:
Қабылдау ең қиыны болды. Үйдің кенжесі болғандықтан үйреніп қалғанмын ғой бүкілі маған қарайтыны. Сол жоқ болып кетті. Мектепте жүргенде байқап қалдым. Достарым болашақ туралы айтқанда, менде олай бола алмайды, менде ата-ана жоқ өзім бірдене жасауым керек деген. Мен олардың көзінше біздің әкеміз сияқты адам болғым келеді.
Бауырлар ата-ана тілектерін орындауды парыз санады. Қос панасының үміті мен балалардың арманы алға қадам бастырды. Әсел Астанада ағылшын тілін оқытатын мектептің негізін қалап, ТМД аумағында жылына 300 студент оқытады. Үздіксіз ізденістің арқасында Америкадағы Гарвардтан шақырту алды.
Әсел Амангелді, Астана қаласының тұрғыны:
Мен Гарвардқа 1,5 айдан кейін кетемін. Ол жерде терең білім алатын боламыз. Ғылыми жұмыспен айналысып көргім келеді. Бірақ менің басты мақсатым - сол жерде алған білімімді өзімнің мектебіме бірден сол жақта енгізіп отырамын. Негізі отбасында бір адам солай алдыға шықса, жақсы деңгейге жеткізе алса, оның артынан ерген бауырлары да артынан жүреді.
Өмірде түрлі күтпеген соққы болады. Бірақ, соған қасқайып қарсы тұру үшін қайсарлық қажет. Сұлтанмахмұт Торайғырша түйіндесек, «Жақсылық та өзімнен, жамандық та өзімнен. Тағдырдан болды дегенді шығарамын сөзімнен».

Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу