Президент Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

21.05.2024

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті енді Күләш Бәйсейітова есімімен аталады. Мәдениет және өнер қайраткерлерінің кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдады. Президент бүгін ұлттық өнерімізді ұлықтап, ерен еңбегімен көзге түскен мәдениет саласының мамандарын құттықтады. Оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Мәдениет саласында мерейлі жаңалық көп. Еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетін болды. Ал Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті енді Күләш Бәйсейітова есімімен аталады. Мемлекет басшысының шешімі осындай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн.

Ал ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміндегі ұлттық элементтердің саны тағы артуы мүмкін. Президент «салбурын» мен «беташар» секілді салт-дәстерімізді енгізу пысықталып жатқанын айтты. Сонымен бірге ерекше дарынымен әлемді таңғалдырып жүрген жас өнерпаздардың еңбегін де бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Димаштың бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның Әнұранын шырқап, көк туын желбіретіп жүр.

Ал өнер майталмандарын қолдау үшін бүгінде мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Оған сәйкес, соңғы үш жылда 700-ден астам ғимарат жөнделіп, 168 жаңа нысан салынды. Ал 2026 жылға қарай Қазақ ұлттық драма театры да толығымен жаңартылады деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атағы қайта беріле бастады.

Кәсіби мереке қарсаңында саланың дамуына үлес қосып жүрген бір топ азамат арнайы наградаларға ие болды. Президент өнер майталмандарына «Парасат», «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. 3 азаматқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Қазақ телевизиясында талай жыл режиссер болған әрі «Айгүл» ансамблінің әншісі ретінде елге танылған Қарлығаш Мұртазина да бүгін «Құрмет» орденін алды.

Қарлығаш Мұртазина, «Айгүл» ВАА вокалисі, «Құрмет» орденінің иегері:
Сол ансамбльде жүріп бүкіл дүниежүзіне қазақтың өнерін қазақтың әнін паш етіп, яғни өнермен таныстырдық. Осындай құрмет марапатын алу, бұл тек қана біздің еңбегіміздің жемісі емес. Өнерге деген – құрмет.

Ұлттық мәртебеге ие болған Мемлекеттік орталық музейінің басшысы да қуанышын жасыра алмады.

Рашида Харипова, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры:
Музей қорындағы жәдігерлерді тек қана қазақстандықтарды ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарға және шетелдерде де насихаттау бұл біздің абыройлы міндетіміз.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ел тарихы мен салт-дәстүрін әлемге танытып жүрген де осы мәдениет және өнер адамдары. Сондықтан да саланы дамыту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Президент бұған да бүгін ерекше тоқталды.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу