Астанада Ұлттық ұланның әуе базасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Ұлттық ұланның әуе базасы ашылды

03.05.2024

Астанада Ұлттық ұланның әуе базасы ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы жауынгерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, күш құрылымдарының әлеуетін жоғары бағалады. Су тасқынымен күресте жанқиярлық танытқан жауынгерлердің ерен еңбегін де атап өтті. Әуе күштері үшін маңызды нысанның ашылуы әскер әлеуетіне әсері қандай? 

Астанада Ұлттық ұланның әуе базасы ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы жауынгерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, күш құрылымдарының әлеуетін жоғары бағалады. Су тасқынымен күресте жанқиярлық танытқан жауынгерлердің ерен еңбегін атап өтті. Айя Мүтәлі тарқатады.

Бұл - Ұлттық ұланның жаңа әуе базасы. Астана халықаралық әуежайының іргесінде орналасқан. Кешен шамамен 33 мың гектар аумақты алып жатыр.

Әуе базасының ашылу рәсіміне Қарулы күштердің жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Президент ең алдымен жауынгерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Ал жаңа әуе базасы Қарулы күштердің әлеуетін одан сайын арттыруға мүмкіндік береді деп бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. +Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды

Саптағы жауынгерлер су тасқынымен күресте де жанкештілік танытып, алдыңғы шептен көрінген. Әсіресе, сын сағатта кәсіби шеберлік танытқан әскери ұшқыштардың еңбегі зор, - деп бағалады Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін

Ал Талдықорғандағы әскери әуе базасы енді әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің атымен аталады. Президент Ұлттық құрылтайда осындай пәрмен берген. Майдан шебінде ерлік көрсеткен тұлғалар лайықты бағалануы тиіс екенін Мемлекет басшысы бүгін тағы бір мәрте айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алматылық даңқты ұшқыштың өнегелі өмірі ұрпаққа әрдайым үлгі болуы керек. Мұндай бастама ұлттық әскеріміздің беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа авиабазаның әлеуетімен танысып, әскери қалашықты аралап көрді. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының есебін тыңдады. Еркін Ботақановтың айтуынша, жауынгерлік оқу-жаттығу үшін базада барлық жағдай жасалған. Мұнда жас ұшқыштар тәжірибе жинап, жаттығып, шеберліктерін шыңдайды.

Қайрат Үмбетов, ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

Қазіргі таңда авиациялық базаның құрамында ұшақтар мен тікұшақтар бар. Y8 ұщағының үшінші данасы келіп, үш данасы тағы да 2025-26 жылдар арасында жеткізіледі. Олардың барлығы транспорттық болып саналады. Және тікұшақтар, вертолеттер оперативті тапсырмаларды жеке құрамда белгіленген жерге жеткізу мақсатында тапсырмаларды орындайды.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Ұлттық ұланның әуе базасы бұған дейін Боралдай кентінде орналасқан еді. Енді кешен Алматыдан Астанаға көшті. Жаңадан салынған бұл нысан жаңа техника және тікұшақтармен қамтылған. Мәселен, мына әскери ұшақтар Қытайда жасалған. Дәл осы осы әуе кемесімен Қазақстан бұған дейін Түркия, Ауғанстан және Сирияға жер сілкінісі кезінде гуманитарлық көмек жеткізген.

Құрманғали Топанов - Сирия еліне ауыр жүк тасымалдаған ұшқыш. Ол зілзаладан зардап шеккендерге тиісті көмек жеткізу қиынға соққанын еске алды.

Құрманғали Топанов, Әуе командирі, майор:

Навигациялық система істеген жоқ. Көзің соқыр болып қалған сияқты аспанда. Қайда, қалай, қай жерге кетіп бара жатқаныңды білмейсің. Связ диспетчерде сұрайын десең ол жауап бермейді. Саған ешкім жауап қайтармайды. +сонымен карта шығарып, секундомер қосып, скороспен примерно қай жерден қалай ұшып бара жатқанымызды тауып, төмендеп, өз әуе жайымызды таптық.

Бүгінде еліміздің бітімгер әскері де Голан жоталарында Біріккен ұлттар ұйымының арнайы миссиясын орындап жүр. Әрі биылдан бастап арнайы операцияларға Қазақстан алғаш рет жеке дербес мемлекет ретінде қатысып жатыр. Президент мұны әскеріміздің қорғаныс қабілеті күшейіп, халықаралық беделінің артып келе жатқанымен байланыстырды. Шара соңында Мемлекет басшысы әскери қалашықтың Даңқ залына барып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу