Кеше кешкі алтыдан аса Түркияның Токат аймағына қарасты Сулысарай ауданында қуаты 5,6 балдық жер сілкінісі болды. Зілзаладан көптеген ғимараттар бүлініп, ауылдық жерлердегі үйлер қираған. Дегенмен жарақат алған немесе қайтыс болғандар жоқ. Тұрғындар жер тербелісі сезілісімен көшеге қашып шығып, алаңдар мен саябақтарға жиналды. Жер сілкінісінен көп адам қатты үрейленіп, кейбірі талып та қалған. Дәрігерлер оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Мамандар қауіпсіздік мақсатында адамдарға бір түнді далада құрылған шатырларда өткізуге кеңес берді. Жер дүмпуінің әсері көршілес жатқан облыстарға да сезілген. Қазір төтенше жағдайлар басқармасының мамандары құлаған және зақым келген ғимараттарды нақтылап жатыр.
Нұғыман Хатипоғлы, Токат облысының әкімі:
Адамдардың жатын орыны мен ыстық тамағын мемлекет тарапынан дайындап бердік. Сондай-ақ, барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында оқушыларға бір күндік демалыс берілді. Қазір Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғын үйлерді тексеріп тұруға жарамсыздарын анықтап жатыр.
Айдос Әшімұлы