Қадір түні - тағдыр түні. Бүгін исі мұсылмақ қауым ұйықтамай құлшылық ететін қаситетті түн. Әрбір секунды сауапқа толы. 1 түн 83 жыл 4 айлық сауапқа татиды. Діни басқарманың өкілдері жүректер тынышталып, тілектер орындалатын түнді үлкен дайындықпен өткізген абзал, дейді.
Мұсылман дінінде Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерде жасалған құлшылық қабыл болады деген түсінік те бар. Дегенмен, Қадір түні қай күнге түсетіні туралы нақты дерек жоқ. Республикалық бас мешіттің наиб имамының айтуынша, шамамен оразаның 26-нан 27 қараған түні болуы мүмкін.
Жандос Айтбай, республикалық бас мешіттің наиб имамы:
Қадір түнінде ең дұрыс амал: зікір айтып, Алла Тағаланы еске алып, тасбих тартып, қаза намаздарды, нәпіл намаздарды оқыған дұрыс болады. Одан бөлек Айша анамыз Пайғамдарымыздан (с.ғ.с) сұраған кезде Қадір түнінде қандай зікір айтқан абзал болады деген кезде: Уа Алла, сен кешірімдісің. Кешірімділерді жақсы көресің, менің біліп-білмей істеген күнәларымды кешіре гөр деген дұғаны үйреткен екен.
Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң рауандап атқанға дейін жалғасады. Осы аралықта тек ораза ұстап, намаз оқитын жандар ғана ізгілікке ұмтылып, Қадір түнін өткізуі керек деген қағида жоқ. Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір сұрақ... «Қадір түнін ұйықтамай өткізу шарт па?»
Жандос Айтбай, республикалық бас мешіттің наиб имамы:
Бұл түнде барынша, мүмкіндігі болса таңға дейін ұйықтамай, жұмысқа баратындар болса түннің бір бөлігін тым болмағанда ұйықтамай дұғамен өткізіп одан кейін ұйықтағаны абзал екен.
Қадір түнiнде Қыдыр ата келеді деп дастархан жаю, үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашу- қате түсінік. Айтпақшы, Қадір түнінің өзіндік белігелір бар. Түн жарық, таза болады, ол түнде ауа райы ыстық та емес, суық та емес, жанға жайлы болады. Ол түні ай самаладай жарық болады. Қоңыр салқын, жағымды жел соғып тұрады. Мұсылмандар бұл түнде ерекше мамыражай күй кешіп, рахатқа бөленеді. Сол түннен кейін таңертең күн сәуле шашпай, толған айдай дөңгеленіп шығады.
Асылбек Данияр