Жамбылда жиналған пияздың 60 пайызы шіріп кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда жиналған пияздың 60 пайызы шіріп кетуі мүмкін

05.04.2024

Жамбылда жиналған пияздың 60 пайызы экспортқа шығарылмай, толық шіріп кетуі мүмкін. Өйткені, өңірдегі көкөніс сақтайтын 100-ден аса қойманың тең жартысы талапқа сай емес. Тозығы жеткен, тоңазытқышы жоқ. Әзірге Әулиеата өңірі бойынша, былтырдан қалған 116 мың тонна пияз сақтаулы тұр. Бірақ күн көзі жылынған сайын өскіндері шығып, өніп барады. Ал сырт елдерден сұраныс жоқ. Мәселен, былтыр 325 мың тонна пияз сыртқа саудаланса, биылғы көрсеткіш одан төмен. Соңғы үш айда небәрі 161 мың тонна өнім экспортқа шығарылған. Негізгі тұтынушы Ресейдің өзі 8 мың, Біріккен Араб Әмірлігі 5 мың тонна ғана алған.

Шәкір Момынқұлов, облыстық АШБ басқарма басшысының орынбасары:

Сәуір айының соңында біздің елге ол жақтың жаңадан шыққан пияз өнімдері экспортталып қалады. Пәкістанға пиязымыз шықпай қалуы мүмкін. Мұздатқышы жоқ қоймаларда қауіп әрине жоғары. 60%-ға жуығында мұздатқышы жоқ.

Ал шаруалар өз өнімдерін 15 теңгеге де өткізе алмай отыр. Олар тұрып қалған тауарларын қоқысқа шығарып, кейбірі тұрғындарға тегін таратып жатыр. Мамандар биыл жағдай тағы қайталанбас үшін көкөніс көлемін азайтпақ. Былтыр пияз өңір бойынша 24 мың гектарға егілсе, биыл 10 мың гектарға дейін қысқартылмақ. Былтыр елде 1 млн тоннадан астам пияз жиналды. Бұл жылдағыдан үш есеге көп. Оның 780 мың тоннасы Жамбыл облысына тиесілі.


Хабарламаларға жазылу